Назым Қызайбай әлем чемпионатынан кейінгі жағдайы туралы айтты

Бірер ай бұрын бокстан үш дүркін әлем чемпионы атанған Назым Қызайбай мемлекеттен сыйақы алғанын және қазіргі жағдайы туралы айтты деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айтуынша, әлем чемпионы атанғаннан кейін аздап үзіліс алған.
«Әлем чемпионатынан соң бір айға жуық демалып, қалпыма келдім. Алматы облысында ұлттық құрамамен бірге жаттығу жиынына кірісіп кеттік. Кәсіби спортшы болғандықтан жаттығудан қол үзіп қалсақ, осы жүктемені де сағынатынымыз да бар.
Әлем чемпионатынан соң халықтың ықыласын ерекше сезіндім. Жан-жақтан түрлі іс-шараларға арнайы қонақ ретінде шақырып, көптеген адам құттықтап жатты. Оған қоса, мемлекет тарапынан да қолдау ерекше болды», — дейді үш дүркін әлем чемпионы.
Ол сөз арасында Сербиядағы жеңісінен соң президенттен құттықтау алғанын ерекше айтып өтті.
«Мемлекет тарапынан барлық жағдайымыз жасалып, сыйақы да беріліп жатыр. Бұл біз үшін маңдай тердің ақталғанын білдіреді, оған қоса алаңсыз жаттығуымызды жасауға да себеп екені рас», — дейді Назым Қызайбай.
Айта кетейік, осыған дейін Назым Қызайбай президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі жайлы айтқаны хабарланған болатын.