Госорганы

«Назарбаев, кет!» деп ұрандатқан Ермек Нарымбай түрмеден босатылмайтын болды

Қонаев қалалық соты қаңтар оқиғасынан кейін елге оралып, қамауға алынған қоғам белсендісі Ермек Нарымбайды босату туралы өтінішті кері қайтарды. Адвокатының сөзінше, сот сараптама керек екенін алға тартқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ермек Нарымбай 2016 жылы шілдеде Украина қашып, қаңтар оқиғасынан кейін елге оралған. Бірақ әуежайда ұсталған ол өзінің ұзақ отырмайтынын, себебі бұл мемлекетке тиімсіз екенін мәлімдеген еді.

«Біздің өтінішіміз соттың өзі жеке шешім қабылдай алмайды, сондықтан сотқа сараптама керек деген желеумен кері қайтарылды. Меніше, бұл сотталған адамдарға қатысты белгілі бір қатып қалған ұстанымды сақтап қалу ғана. Бұл заңнаманы либерализациялау емес, қазіргі жағдайды сақтап қалу әрекеті. Егер адам қамауда отырса, ары қарай да отыра берсін, оның мұнда емес, сол жата отырғаны тиімді деген әңгіме. Менде заңгер ретінде сұрақ туындайды: егер судьялар заңнаманы түсіндіре алмаса либерализация дегенді не үшін ойлап тапты, не үшін ауыстырды?» – деді адвокаты Ғалым Нұрпейісов KazTAG басылымына берген сұхбатында.

Ермек Нарымбай 2010 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап еткен жиында «Назарбаев, кет!» деп ұрандатқан. Бұл жиыннан кейін ол қамауға алынып, «сотты сыйламады», «полицейлерге күш көрсетті» деп айыпталды. 4 жылға қамалған ол 2012 жылы рақымшылыққа ілініп, босап шыққан.

Ал 2015 жылы «алауыздықты қоздырды» деген айыппен тағы 3 жылға сотталды. Алайда келесі жылында, яғни 2016 жылы түрмеде 1 айға жуық аштық жариялап, үй қамаққа ауыстырылған. Артынша жазасы бас бостандығын шектеуге ауысты.

2022 жылдың 6 ақпанында әуежайда ұсталған Ермек Нарымбай маусымда өзін азаптап жатқанын айтып, аштық жариялаған.

 

Другие новости

Back to top button