Культура

Наурыз атауы парсыдан кірген бе?

Бізде, мағынасын жыға тани алмаған сөздерді немесе атауларды еш ойланып жатпай-ақ монғолдан, арабтан, орыстан немесе парсыдан кірген сөздердің қатарына жатқыза салатын нашар дағды қалыптасқан. Әрине, бұл отарлаушы елдердің халқымызды жазуы, мәдениеті, тілі, әдебиеті, тіпті діні мешеу деп көрсету үшін жүргізген қитұрқы саясатының бір бөлігі екендігі айтып жатпасақ та белгілі. Бас еркіндігін ала алмай сөзден азат бола алмай жүрген осындай атау сөзіміздің бірі, біздің қазақ халқының жаңа жылының атауы – «Наурыз» сөзі. Ендеше, «наурыз» атауы қалай шыққан?

Мен осы шағын мақаламда «Наурыз» атауы тәрих қатпарында алтындай жарқыраған әшекейлі, қошқар мүйізді айбарлы, мерекелі, берекелі, қоңыраулы – күмбір сөз екендігін еш халықтан еш уақытта сіңіріп алмағандығын, қайта өзіміздің ата-бабамыз жаратқан төл тума айшықты сөзіміз екендігін жыл басы, мерекенің атауы екендігін қысқаша дәлелдеуді жөн санадым. Қазақ мал шаруашылығымен айналысқан халық болғандықтан, табиғаттың қабағын тануға өте шебер болған. Наурыз айының басынан бастап, жаздың тіпті бүтін бір жылдың дайындығын көре бастайды. Сондықтан қазақта «Жыл есебі – көктемде» деген әдемі мәтел бар. Ұланқыстай бірін-бірі соғымға шақырып, мәре-сәре болған халық, қардың шеті сөгіліп, жер бусана бастағаннан-ақ, көктемнің, малды төлдетудің қамына кірісіп қарбалас күй кешеді.

Айталық, сүйек қайнатып, сабын былғайды, шаңырақ уығын, ергеншек керегесін, туырлық түңлігін, бау-шу, арқан жібін, қом-шомын түгендеп, жүк артатын атанын, көшке мінетін көлігін сайлап, қыстаудың маңын қоқыстан тазалап мерекелі күйде болады.

Бұл әдет қытай елінде тұратын қазақтарда күні бүгінге дейін сақталған. Сонымен төлдеулікке көшуден 15-20 күн бұрын күн ұзара бастады, ілгері салым уақыт ұзын сары келді деп, қыстан аман шықтық деп, «Наурыз мерекесін» бастап жібереді. Сөйтіп, соғымнан қалған сүрінің белді мүшесі жамбас жілікке, кәрі жілікті қосып, оған жеті дәмді араластырып көже қайнатып ауыл бойынша аралап ішеді. Тіпті жас жігіттер қарындары сыздағанша бәстесіп ішеді. Күй тартып, ән шырқайды, жұмбақ жасырып, бәйт айтады. Қыз жігіттер мерекелі киімдерін киіп, топ-тобымен, жұп-жұбымен, сауық сайран құрып, думанды таңнан-таңға созып, мәзмейрам болады. Соғымның жамбасымен кәрі жілігін наурыз көжеге қосатын себебі, жамбас малдың артқы аяғы, саңында болады.

Жамбастың еті қалың, майлы болғандықтан, «Өткен жыл артта қалды, оған өкпеміз жоқ, молшылық пен тоқшылықпен өттік» деген мағына бар. Ал кәрі жілік малдың алдыңғы аяғында болғандықтан, еті аз болса да өте жұмсақ, ерекше дәмді болады. Сондықтан, «Жаңа жылға сергек, жеңіл қадаммен аттайық, аяғымызға кедергі болмасын, аманшылық болсын » деген мағына білдіреді. Кәрі жілікті таза етіп мүжіп болғаннан кейін, елдің амандығын тілеп тұрсын деп, үйдің дөдегесіне іліп қояды.

Наурыз көжеде болмай қалған, ауылдың сыйлы адамдарына, арнайы сыбағасын сақтап қояды. Сыбағаға ілінбей қалған кейбір өкпеші қарттардың «Кәрі жілік ел амандығын қойып, өз басын сақтап алсын » дейтіні осыдан қалған. Міне, Наурыз мерекесі шынында ұлы науқан есептеледі. Ұлы науқанның алдағы ырыздығы мол болсын деп, сан мың мәрте қайталанған баталы ізгі тілектен қысқарып, « Науқан-ырыздық» деген сөзден «Наурыз» деген біріккен сөз қалыптасқан. Қазақта «Нау» дан басталатын сөз баршылық. Айталық науқан, нәумет, науқас, науа т,б. Тіпті қазақта «Нау» деген асқан шешен, асқан даукес адам болған. Нау біреудің лақты дауы болса, лақты ешкіге сатып алып, бұзаулы сиыр, құлынды бие, тіпті боталы түйе өндіріп алатын, дауды індетпей қоймайтын, ешкімге есе жіберіп жеңістік бермейтін адам болған. Сондықтан қазақта «Нау құрымай, дау құрымайды» деген тәмсіл бар. Наурыз атауының қазақша екендігін мойындауға осы дәлелдің өзі-ақ жеткілікті.

Дүниедегі ең үлкен қасыреттің бірі – өз ұлтының құндылығын, өз азаматыңа мойындата алмау деп білемін. Біздің қазақ, тарихты таспен де, жаспен де жазған халық. Халқымыздың тарихын, тілін сыйлайық. Шешен болғанымызда, көсем болғанымызда қарапайым да киелі ұлы қазақтың арқасы екендігін ұмытпайық. Қазақта «Халқын қорғай алмаған басыңды, қалпақ қорғай алмайды» деген керемет дана мақал бар. Мұндағы қалпақ дегені, бас киетін жай қалпақ емес, ол мансап, лауазымды немесе атақ, абыройды меңзейді.

Егер, жер аттарының көбін монғолға телісек, мерекеміздің атын үш қайнаса сорпасы қосылмайтын басқа халыққа берсек, онда ұланғайыр осы жердің иесі сірә кім? Қазақ қайда жүрген, қайда жасаған, қайдан шыққан немесе қайдан келген деген заңды сұрақ туады. Ата-бабамыз қойып берген атауға ие бола алмасақ, аруақтардың киесіне қаламыз. Тілге ие бола алмасақ, жерге де, елге де ие болуымыз қиын. Халқымыздың жоғын жоқтап, мұңын мұңдау қасиетін ұлықтау жүйеден тіліміздің, атау сөздеріміздің төркінін табу, шығу тегін табу, білу, басы даулы сөздерімізді ақтап алу, әрбір тәуелсіз, азат қазақ азаматының алдындағы бұлтартпайтын борышы, ата- бабаларымыздан қалған баға жеткісіз асыл мұраларымыздың бірі де бірегейі, ана тіліміздің жауһары, тамыры, тереңде жатқан атау сөздер екенін ұмытпайық. Міне бұл біздің тарихымыз. Ендеше, ата мұрамызды ардақтап, тарихымызға ие болайық азаматтар!

Сламхат Сейтхамызаұлы,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Abai.kz

Другие новости

Back to top button