Главное

«Насыбай атып, ақша ұрладың»: ер адам баласын жазалаймын деп оны көлікпен сүйреп өлтірген

Тәжікстанда ер адам туған ұлын жазалаймын деп жантүршігерлік қылмысқа барған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті ақпарат құралының жазуынша, ІІМ Тұрсынзаде қаласының 40 жастағы тұрғынын ұстаған. Ол 15 жасар баласын қинап өлтірген деген күдікке ілінді.

Оқиға желісі бойынша, жасөспірімді әкесі «насыбай аттың» деп ұрып-соққан. Бала үйінен 600 сомони, шамамен 34 мың теңге ұрлап, ел астанасында тұратын апасының үйіне қашып кеткен. Арада екі-үші күн өткенде апасы баланың әкесіне хабарласады.

Ер адам туысының үйіне барып, ұлын алып кетеді. Үйге қайтар жолда жасөспірімді аяусыз қинаған. Ол баланың аяғына арқан байлап көлігімен сүйреген. Содан соң оны видео түсіріп, ақша ұрлағаны мен насыбай тартқанын мойындауын талап еткен. Қан-жоса болған ұлын үйіне әкелген соң, жертөлеге қамап тастаған. Баланың анасы мен бауырлары бәрін көріп тұрса да, ер адамның ашуынан қорқып, жертөлеге кірмеген. Келесі күні баланың жағдайы нашарлап кетеді. Әкесі жергілікті дәрігерді шақырады. Дәрігер баланың қайтыс болып кеткенін айтқан. Осыдан кейін де ер адам қатігез әрекетін тоқтатпайды. Ол әйелі екеуі баланың денесін ешкімге айтпай көміп тастамақ болып, жолға шыққан. Оларды полиция тоқтатып, қолға түсті.

Қазір ер адам қамауда отыр. Күдіктіге қатысты Тәжікстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 110-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, тергеу жалғасып жатыр.

Другие новости

Back to top button