Мангистауская область

Нақты шешім шыққанға дейін «ӨзенМұнайГаз» ғимаратының алдында боламыз — Астанада ереуілдеткен мұнайшылар

Астанада наразылыққа шыққан жаңаөзендік мұнайшылар қалаға оралып, “Өзенмұнайгаз” кеңсесі алдынан талаптары орындалғанша кетпейтінін мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 

«Біз Астана қаласынан аман-сау үйімізге оралдық. Нақты шешім шыққан жоқ. Біз шешім шыққанша «ӨзенМұнайГаз» ғимаратының алдында боламыз», — дейді мұнайшылар жұма күні тараған видеода.

Еске салайық, 11 сәуірде Жаңаөзен қаласындағы «БерӘлі Маңғыстау Company» кәсіпорнының жұмыстан қысқарған 82 жұмысшысы 10 сәуірде Астанаға келіп, энергетика министрлігінің алдында түнеп шыққаны белгілі болған. Олар министрліктен жұмыс мәселесін шешуді талап еткен.

Сол күні “ҚазМұнайГаз” мұнайшылармен келіссөз жүргізген. Бірақ екі тарап бір келісімге келе алмаған.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жаңаөзендік мұнайшылардың Астанада дүрбелең туғызу үшін ереуілге шыққанын айтқан.

11 сәуірде Полиция энергетика министрлігі ғимаратының маңында наразылық білдірушілерді қоршап, барлығын ұстап әкеткен. Сол күні кешке Жаңаөзенде Астанаға барып, наразылық білдірген мұнайшылар қамауға алынған соң әкімдік алдына жиналған халық оларды босатуды талап еткен.

12 сәуір күніне қараған түнде Астанада наразылыққа шыққан мұнайшылардың өкілдері өздерінің босатылғанын айтып, барлық митингке қатысушылардың Маңғыстауға қайтарылатынын мәлімдеген.

12 сәуір күні таңертең Астанада митинг өткізіп, кейін қамауға алынған жаңаөзендік мұнайшылар видео арқылы үндеу жолдап, өздерінің аман екендерін және жолға шығып бара жатқандарын айтқан.

Другие новости

Back to top button