«Мысырда Қазақстан азаматтарын жаппай ұстап жатыр»: СІМ жауап берді

Кеше әлеуметтік желілерде Каир қаласында Қазақстан, Өзбекстан және Ресей азаматтарына қатысты жаппай рейд жүріп жатқаны туралы бейнежазба тарады. Бұл туралы «Осторожно, новости» ресейлік телеграм арнасы ақпарат берген, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
Куәгерлердің айтуынша, соңғы апталарда Қазақстан, Өзбекстан және Ресейден барған кейбір отбасылар өз туыстарын таба алмай жүр. Қауіпсіздік қызметі оларды көшеден күшпен алып кетіп жатқан көрінеді. Ұсталғандар арасында студенттер де бар. Құқық қорғау органдары студенттердің құжаттары бар екенін көре тұра, оқу орындарының маңында торуылдап тұрып, ұстап депортациялап жатыр.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, азаматтардан бұл мәселеге байланысты мүлде өтініш түспеген.
«Қазақстан азаматтарынан өтініш түскен жоқ. Сонымен бірге, елшілік осы елдің миграциялық заңнамасын сақтау жөнінде студенттерге профилактикалық әңгіме жүргізді», — делінген министрлік хабарламасында.
Еске салсақ, 13 мамырда Мысырдағы Өзбекстан елшілігі құқық қорғау органдарының елге білім алуға келгендердің құжаттарын тексеріп жатқанын мәлімдеген еді. Елшілік таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта 5 өзбекстандық азамат ұсталған. Сонымен қатар, елшілік азаматтарға құжаттарын үнемі өздерімен бірге алып жүруді ескерткен болатын.