Госорганы

«Мұның артында адамдардың тағдыры тұр»: Қошанов бюджеттің есебін сынға алды

Бюджет бір жылда 1 трлн теңгеге түзетіліпті

Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Ерлан Қошанов Үкіметтің бюджет туралы есебін сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Біз Үкіметтің есебін жыл сайын тыңдап келеміз. Үкімет жылдан жылға бюджеттің жоғары деңгейде игеріліп жатқаны туралы мақтанышпен баяндайды. Игерілмеген қаржы бойынша айтатын себептері де жыл сайын өзгермейді. Өзгеретіндері тек баяндамашылар, тек сұрақ қоятын адамдар. Енді бұл цифрларға Үкіметтің қалай жеткенін біліп отырмыз ғой. Ол туралы бүгін депутаттар да айтты», — деді Мәжіліс спикері.

Қошанов бүгін бюджетті 8 рет түзетудің және бір рет нақтылаудың арқасында қол жеткіздік деген әңгіме айтылғанына тоқталды.

«Бюджет бір жылда 1 трлн теңгеге түзетіліпті. Осындай «тамаша» цифрлардың артында не тұр? Уақытылы қолданысқа берілмеген 60 мектеп тұр. Соның салдарынан мыңдаған оқушы үш ауысымда оқуға мәжбүр. Үлестірілмеген 18 мың грант тұр. Бұл тек бір салаға ғана қатысты. Ондай мысалдарды басқа да саладан көптеп келтіруге болады. Ал мұның артында адамдардың тағдыры тұр. Өмір сүру сапасына бұл көрсеткіштердің бәрі тікелей әсер етеді. Осыны естен шығармауымыз, ұмытпауымыз керек», — деді Ерлан Қошанов Мәжілісте.

Мәжіліс төрағасы атап өткендей, бүгін бағдарламалардың орындаушылары тендерлердің ұзаққа созылуы мен басқа да сылтауларды айтып, ақталып жатыр. Оның айтуынша, бұл жағдай бізде жылдан жылға қайталанып отыр. Яғни, мұның бәрі жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді.

«Ондай жағдайларды болдырмау үшін алдын алу шараларын осы уақыттан бастап қолға алуымыз керек. Бұл шаралар бірінші кезекте жаңадан келетін Бюджет кодексіне және мемлекеттік сатып алу туралы заң жобаларын қарастырған кезде ескерілуі керек. Көптеген игерілмей жатқан мәселе мемлекеттік сатып алу заңындағы олқылықтарға байланысты», — деп айтты Ерлан Қошанов.

Президент Парламент сессиясының ашылуында әрбір тиынның жұмсалуын Парламенттің бақылауда ұстауының маңыздылығын айрықша атап өткен болатын.

«Бүгінде депутаттық корпусқа бюджеттің атқарылуы бойынша жылдық қорытынды есепті тыңдап қана қоймай, барлық жұмысқа жыл бойы мониторинг жүргізіп, бақылауға мүмкіндік беріліп отыр. Біріншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жоғары аудиторлық палата Мәжіліске жылына екі рет есеп береді», — деді Қошанов.

Ол депутаттар болашақта Жоғары аудиторлық палатадан барлық деңгейдегі бюджетті барынша сапалы бақылауды талап етеді.

«Бүгін айтылған сыни пікірлер жергілікті бюджеттерге қатысты екенін тағы да атап өтемін. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының жергілікті бюджеттердің атқарылуына да мониторинг пен бақылау жүргізетін құзыреті бар. Қаржы және бюджет комитетінде барлық өңір әкімдерінің бюджеттің орындалуы бойынша есебі екі апта бойы тыңдалды», — деп айтты Мәжіліс төрағасы.

Қошанов аймақтарды аралайтын кезде бұл жұмыс жалғасын табатынын айтты.

«Біз тек жылдың аяғында осылай сұрап отырмауымыз керек. Мысалы, жазда, күзде өңірлерге шығамыз. Сол кезде әлеуметтік нысандар, басқа да мәселелер бар, бюджеттің орындалуы қалай жүріп жатқанын қарап отыруымыз керек. Пойыз өтіп кеткеннен кейін артынан қол бұлғаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Жаңа қаншама фракция сынап жатыр, бірақ қанша сынаса да, өтіп кеткен бюджет қайта орындалмайды ғой», — деп айтты ол.

Ерлан Қошанов Үкіметтің күрделі геосаяси жағдайда жұмыс істегенін де мойындау керегін айтты.

«Соған қарамастан бүгін экономикамыз тұрақты дамып, халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелер орындалып жатыр. Парламент пен Үкімет иық тіресе бірге жұмыс атқарып, алдағы бюджеттерді жоспарлау кезінде бүгінгі айтылған сын-пікірлер ескерілуі қажет», — деп толықтырды Мәжіліс спикері жалпы отырыста.

Другие новости

Back to top button