“Мұның арты жақсылыққа әкелмейді”. Елде еңбек дауы неге жиілеп кетті
Қазақстанда еңбек даулары тыйылар емес. Өткен аптада ғана “Қазақмыстан” шу шығып, тараптар келісімге келгендей болды. Оның алдында Жаңаөзенде «Өзенмұнай» АҚ-ға қарасты «Бұрғылау жұмыстары басқармасы» мекемесінің жұмысшылары үш аптадан астам ереуілдетіп, уақытша келісім негізінде жұмысына қайта оралды. Алайда “шарттарымыз орындалмаса, ереуілді жалғастырамыз” деп отыр. Ulysmedia дүркін-дүркін болатын еңбек дауларына не себеп, шешілмей жатқан қандай мәселе бар, ақырында бұған кім жауапты деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.
ЕҢБЕК ҚАТЫНАСЫ ЗАҢМЕН ҚАЛАЙ РЕТТЕЛГЕН
Экономист Мейрам Қажыкен өндіріс орындары бойынша үш тарап — үкімет, кәсіподақ, жұмыс берушінің мүддесін қорғайтын ұйымдар үш жылда бір бас келісімге қол қоятынын айтады. Оған сай тараптар еңбек төлемі, еңбек шарттары, жалақыны индексациялау сияқты көптеген пунттер бойынша келісімге келеді.
– Ол құқықтық акті мәртебесіне ие. Яғни өте жоғары деңгейдегі заң секілді құжат. Одан кейінгі келісімдер кейінгі деңгейдегі келісімдер болып саналады. Проблема осы бас келісімнің орындалмауында. Кейінгі келісімнен кейін бір жыл өтті. Сол бір жылда келісімнің жартысының жартысы орындалса, тек қуанар едім. Ол да жоқ. Үкімет тарапынан жауапкершілік болмай тұр. Еңбек қатынасына көңіл көлмей келеді, – дейді ол.
“ЕҢБЕК МИНИСТРЛІГІ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНА КӨҢІЛ БӨЛМЕЙДІ”
“Еңбек даулары туып жатқан ең бірінші себеп осы” дейді ұзақ жыл еңбек қатынастары мәселесін көтеріп жүрген қоғам белсендісі, бұрынғы кәсіподақ басшысы Мұхтар Үмбетов. Оның сөзінше, үкімет үшін еңбек қатынасы ең соңғы орында тұрған мәселелердің бірі.
– Мемлекет шартты түрде айтқанда қаржы, банк секторына, тұрғын-үй, көпбалалы отбасылар мәселесіне көңіл бөледі де, мемлекетке ақша алып келіп жатқан жұмысшылар санатына назар аудармайды. “Жұмыс істеп, ақшасын тауып жүр” деп олармен айналыспайды. Ал ол жерде істейтін адамдар да осы елдің азаматы ғой. Олар өзіне лайықты жағдай жасалғанын, еңбегі бағаланғанын қалайды. Бізде бұл соңғы орында тұрғандықтан оған ешкім бас қатырмайды. Еңбек қатынасы еңбек министрлігінің тікелей айналысатын қызметі. Ал олар зейнетақы, жәрдемақы мәселеріне көңіл бөліп, жұмысшыларды көзге ілмейді, – дейді Мұхтар Үмбетов.
“ЕҢБЕК ДАУЛАРЫН РЕТТЕУШІ ПОЛИЦИЯ МЕН ПРОКУРАТУРА ЕМЕС, ЕҢБЕК МИНИСТРЛІГІ”
Қоғам белсендісі еңбек қатынасында үш негізгі қағида бар екенін айтады.
1) Еңбек қауіпсіздігі
2) Еңбек жағдайы
3) Еңбектің лайықты төленуі
Оның сөзінше, қолданыстағы заңдар аясында осы үш қағиданың да орындалуын қамтамасыз етуге болады. Гәп соның орындалмауында болып отыр. Ал заңның орындалуын қадағалаушы орган – Еңбек министрлігі мен оның жергілікті жерлердегі өкілдіктері.
– Кез келген жұмыс беруші аз шығынмен көбірек пайдаға кенелгісі келеді. Ал жұмысшы еңбегі лайықты бағаланғанын қалайды. Осы жерде қайшылық туады. Сондай қайшылықтарды реттеу жолы заңда, келісім құжаттарында жазылған. Еңбек министрлігі өз кезегінде осы еңбек қатынасының бұзылмауына кепіл болуға тиіс. Біздегі еңбек министрлігі мұнымен шұғылданбағандықтан, жұмыс орындарында жоғарыда айтқан қағидалар бұзылып жатыр. Мен шетелдіктер мұнай өндіруші компаниялар – Шеврон, Теңіз, Қарашығанақ сияқты компаниялардағы жұмыс жағдайын көрдім. Біздің жергілікті компаниялармен айырмашылығы жер мен көктей. Оларда қызметкерді бағалайды, оның дамуына, біліктілігін арттыруына, тіл үйренуіне көңіл бөледі. Қарапайым жұмысшысының өзі өз саласы бойынша ағылшынша сөйлей алады. Пандемия кезінде Теңізшевройл мыңдаған жұмысшысын қысқартты. Алайда еш дау тумады. Өйткені өтемақысын төлеп, жағдайды түсіндіріп шығарып салды. Белгілі бір тәртіп, мәдениет қалыптасқан. Жұмысшылар басқа жұмыс тауып алды. Өйткені саласын біліп тұр, ағылшынша сөйлейді. Ондай кадрлар Африкада да, Латын Америкасында да сұранысқа ие. Ал жергілікті компаниялардың басшылары кәсіпорынның дамуына қаражат салмайды. Техника ескірген, жұмысшылардың еңбек жағдайы өте нашар. Қауіпсіздік талаптары сақталмайды. Жалақы өспейді. Кеншілер тозығы жеткен жабдықпен жұмыс істеуге мәжбүр. Өткенде Жаңаөзендегі дауда басшы жұмысшыларға “шешеден” боқтап тұр. Осыдан келіп еңбек даулары туады. Еңбек дауларын реттеуші полиция мен прокуратура емес, еңбек министрлігі. Жаңаөзендегі БЖБ ереуілшілеріне полицияны жіберіп жатыр, полицияның басқа жұмысы жоқ па? Ол жерге еңбек министрлігі баруы керек. Олар дауға еш араласқысы келмейді. Бастапқыда жұмысшылар жерглікті жерлердегі үш жақты комиссияға жүгінеді. Сол кезде еңбек министрлігінің өкілдері жалтарма жауап қайырып, әрекетсіз отырады. Ақырында дау ұшығып, елеуілге ұласады. Ереуілшілерді қысқан сайын, агрессия артады. Мұның арты жақсылыққа әкелмейді, – дейді ол.
КӘСІПОРЫН ЖҰМЫСЫНА АШЫҚТЫҚ КЕРЕК
Мұхтар Үмбетов еңбек дауларын тудыратын бірден-бір себеп кәсіпорын жұмысында ашықтықтың жоқтығы екенін атап өтті.
– Компания мұнайдың, темірдің бағасы төмендеп кеткенін айтып, еңбек жағдайын жақсартпай жатады. Ал өнімнің бағасы өскенде жалақыны көтермейді. Еңбек жағдайын жақсартпайды, қауіпсіздікті қадағаламайды. Бұған ақылға қонымды түсіндірме болуға тиіс. Адамдар кімге істейтінін, не үшін істейтінін, оларға бұл не беретінін білгісі келеді. Адамдар өндіріске өмірін беріп жатыр. Жұмысшылар мәселесі парламент қабырғасында көтерілу үшін жұмысшылар партиясы құрылуға тиіс. Түптің-түбінде соған келеміз, – дейді Мұхтар Үмбетов.
ӘДІЛЕТСІЗДІКТІҢ ҮШ ТҮРІ БАР
Экономист, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Рашид Жақсылықов еңбек дауларында талап қоятын жұмысшылардың мәселесін үкімет жақсылап зерделеуі керек деген пікірде.
– Мұнайшылардың жалақысы осыдан екі-үш жыл бұрын жақсы айлық саналса, қазіргідей теңге күн сайын әлсіреп жатқан тұста, олар ұтылып жатыр. Қазақстандықтар тапқан табысының 60 пайызын тек қана тамаққа жұмсайтыны туралы статистика бар. Салдарынан несиеге бату асқынып кетті. Ереуілдетіп жатқан әр жұмысшының басында несиесі болуы әбден мүмкін. Мемлекет бұл ретте осының себебін сараптап көруі керек. Сосын кейде адамның жанына бататын ақпарат шығып жатады. Қазақмыстың құрылтайшысы байлығына 500 млн доллар қосыпты, ықпалды адамдар тізімінде жүр екен деген сияқты ақпараттарды қарапайым жұмысшы көргенде сұрақ туады. Құрылтайшы 100 млн-дап байып жатыр, оның айлығы 2010, 2005 жылдары бекітілген мөлшерде қалып отыр. Қалай сұрақ тумасын, – дейді сарапшы.
Рашид Жақсылықов еңбек қатынасы саласындағы әділетсіздіктің 3 түрін атады. Оның пікірінше, алғашқысы мемлекеттік тұрғыдағы әділетсіздік. Егер мемлекет мекемені толықтай нарықтық экономикаға жібермей, өзінің ықпалында ұстап отырса, онда ай сайын теңгенің құнсыздануына байланысты, дифференциация жасап, айлықты көтеріп отыруы керек.
– Екінші әділетсіздік – жұмыс беруші мен жұмысшы арасында амбудсменнің жоқтығы. Кәсіпорындардың бәрі билік партияларының бір бөлшегіне айналып кеткен. Ұрандатып, мемлекет басшысының үндеулерін дамытуға бет алып кетеді. Үшінші әділетсіздік – кәсіпорындарға тиіп жатқан әділетсіздік. Бұл жерде мемлекеттік уәдесі мен халықтың талабының ортасында кәсіпорындар зардап шегіп жатыр. Олар шығынын азайту үшін айлықты қысқартады, болмаса айлықты көтермейді. Тауарын өндіру, жеткізу үшін олар да неше түрлі қызмет, реагенттер алады, тасымалдау құны бар өсіп жатқан. Оларға да қиын. Мына жақтан үкімет, екінші жақтан жұмысшы қысып жатыр. Бұл – жүйелі түрде жіберіліп жатқан қателіктің салдары. Мен үшін меселенің жүйеленуі және географиясының кеңеюі қауіпті сигнал болып отыр. Жаңаөзендегі жұмысшыларға енді міне орталық Қазақстандағы Қазақмыс жұмысшыларының, әлсін-әлсін теміржолшылардың қосылуы мемлекетті ойландыруы керек. Жұмысшы мен жұмыс беруші арасын ретке келтірмесек, бұл түбінде экономикаға да, саяси тұрақтылыққа да, мемлекеттің көлеміне де залал әкелетінін сөзсіз, – дейді сарапшы.