«Мұндай қадамсыз футбол дамымайды»: Тоқаев еліміздегі командаларды жекеге өткізуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев футболды дамыту үшін командаларды жекеге өткізу мәселесін жылдамдату керектігін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Кәсіби спорт саласында оң өзгерістер болып жатыр. Мен осыған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек», – дейді президент.
Мемлекет басшысы сөзін жалғай отырып, футбол клубтарын жекешелендіру мәселесін қозғап өтті.
«Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз.
Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн», – дейді Қазақстан президенті.