ГлавноеГосорганы

Мұғалімдер аттестациясы тозақты жеті айналумен тең – депутат

Наталья Дементьева өзге де саладағы мәселелерді тілге тиек етті

Ақмола облысынан сайланған Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясының мүшесі Наталья Дементьева Azattyq Ruhy тілшісіне берген сұхбатында орманшы, мұғалім, ауыл тұрғындарының мәселелерін айтты.

Күні кеше Мәжілістің жалпы отырысында төменгі палата депутаттары бірқатар министрліктерге тікелей сауалдарын жолдап, өзекті мәселелерді шолып өтті.  Нақтырақ айтқанда, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, көлік, ұлттық экономика, су ресурстары сынды мәселелер талқыланды.

Бұған дейін Ақмола облысының барлық ауданын аралап, тұрғындармен бетпе-біт тілдескен Мәжіліс депутаттарынан құралған жұмыс тобында болған Наталья Дементьева ауыл-аймақтағы мәселелерді жіктеп айтып берді.

ҰСТАЗДАР АТТЕСТАЦИЯ ЖҮЙЕСІНЕН ШАРШАҒАН

Ұстаздар аттестаттациясы биыл елімізде 2 кезеңде өтті: ақпаннан тамызға дейін және қыркүйектен желтоқсанға дейін. Алайда, астарын үңіліп қарасаң, жемқорлықты айтпағанда, портфолио жинау, тестке дайындық, қағазбастылық мұның бәрі мұғалімдер үшін үлкен стресс.

«Мұғалімдер бірнеше жыл бойы аттестация жүйесінен шаршаған. Бұл мәселе жөнінде өте көп хат келді. Мәселен, ұстаз біліктіліктен өтуі үшін тозақты жеті айналады деуге болады. Портфолио жинап, тесттен өтуі үшін көп уақыт қажет, бұл жүйе әлі бірізді ретке келтірілмеген, жетілдірілмеген. Көп мұғалім жетістіктері бола тұра, аттестациядан өтуден бас тартады, өйткені, өзін стресстен сақтағысы келеді. Білім саласында осындай жетілмей тұрған мәселе бар», — дейді депутат.

Білім саласында талай жыл қызмет еткен депутат мектеп директорларының ротациясы шешімін де сынға алды.

«Жуырда мен білім саласына қатысты, мектеп директорларының ротациясы туралы депутаттық сауал жолдадым. Бұл – еш негізсіз, критерийлерсіз басталған процесс. Сондықтан мен мәселені толық зерттелмей тұрып, өзгерістер болғаны үшін оны көтердім», — деді.

«ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА» ІС ЖҮЗІНДЕ ҚАЛАЙ? 

Өңірде маман тапшылығы мәселе де өзекті.

«Әсіресе, бұл денсаулық сақтау саласында байқалады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас маман білім алған соң, ауылға қайтады. Әр маманға үй сатып алуы үшін 10 млн теңге бөлінеді. Алайда, көп жас маман ауылды жерге барғысы келмейді. Кей аудандарда маман, ал өзгелерінде жұмыс орны тапшы. Тек денсаулық сақтау саласы емес, аймақта өте керек мамандар да аз. Айлықтары да жаман емес, 200-350 мың теңге аралығында. Дегенмен, ауылға барып жұмыс істеуге көбінің құлқы жоқ», — дейді Наталья Григорьевна.

ӨРТ ШЫҚҚАН ЖЕРГЕ ОРМАНШЫЛАР КСРО КЕЗІНДЕ БЕРІЛГЕН КӨЛІКПЕН ҚАТЫНАУҒА МӘЖБҮР 

Сонымен қатар, орманшы маманының еңбек жағдайын реттеу үшін әлі жылдар керегі анық, дейді депутат.

«Абай облысындағы өрттен кейін орманшы маманының қауіпсіздігіне ерекше назар аудара бастадық. Біз жұмыс сапары барысында Зерендідегі демалыс орнының біріне бардық. Біріншіден, транспорт мәселесі күн тәртібінде тұр. Орманшылар транспортпен қамтылмаған. Кеңес Одағы кезінде бөлінген, әбден ескіріп кеткен көліктерді қолданады. Жазда өрт ошағына жедел жетуі үшін оларға көлік ауадай қажет. Екінші, оларға берілетін аяқ киім мен киім сапасыз. Бір, екі реттік деуге болады. Үшінші, олардың жалақысы өте төмен. Министрлік тарапынан бұл мәселе қолға алынды. Алайда, оның шешілуі үшін өте ұзақ уақыт керек. Төртінші, еңбек шарттары өте нашар. Демалушылар тарапынан рейд кезінде шабуылға ұшырайды. Олар өзін қалай қорғауы тиіс, бұл мәселе шешілмеген. Алкоголь өнімін қолданған демалушылар жұдырығын ала жүгірсе, орманшылар өз өмірімен тәуекелге баруға мәжбүр», — дейді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева.

СУ ЖАҢА МИНИСТРЛІК СУ МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕ МЕ?

Құрғақшылық «жағадан алса», инфрақұрылымның ескілігі «етектен тартады». Бұл ретте, Ақмола облысы тұрғындарын ғана емес, тұтас Қазақстан халқын мазалаған су мәселесін жаңа министрлік шеше ала ма? Депутат өңірдегі өз көзімен көріп қайтқан жағдайды айтты.

«Әр тұрғынды тыңдап, оны толғандырған мәселеге жіті назар аударуға мүмкіндік болды. Су тапшылығы және су құбырлары сапасының төмен болуы су жеткізуді қиындатады. Бұл бірінші мәселе дер едім. Мысалы, Нұра су қоймасы. Президент Тоқаев бұл туралы өз сөзінде айтты. Ақмола облысының призмасы арқылы қарастырсақ, ол бірнеше ауданды сумен қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан оның модернизациясы өте маңызды. Ауыл тұрғындары су мәселесі өзекті болса да, ауылды тастап көшіп кетпек емес. Олардың патриоттық сезімдеріне тәнті болдық. Біз бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Алайда, қаражаттың бөлінуі ұзақ уақытты талап етеді. Су ресурстары және ирригация министрі 2025 жылға дейін Нұра су қоймасы қайта жөндеуден өтеді, деді. Бұл өте маңызды. 2025 жылға дейін, алайда, 1 жыл бар. Халыққа тек шыдаммен қараңыз дейміз, басқа амал жоқ», — дейді Наталья Григорьевна.

ЖАЙЫЛЫМНЫҢ ЖОҚТЫҒЫ

«ЖШС, жеке сектор қарауында немесе коммерциялық мақсаттарда қолданғандықтан, қарапайым халық малды қайда жаярын білмейді. Президенттің тапсырмасымен жайылым жерлерін қайтару мәселесі қолға алынды. Қайтарылған жерлерде тұрғындар оны сәйкес мақсатта қолданады. Күн сайын бізге аудан тұрғындарынан мал көбейіп жатқаны, алайда оны жаятын жер жоқ екені жайлы хаттар келеді», — дейді депутат.

ЕЛІМІЗДЕ 800-ДЕН АСТАМ МЕКТЕПТЕ АСХАНА МҮЛДЕМ ЖОҚ

Бүгінде 800-ден астам мектепте асхана мүлдем жоқ. Тамақтың бағасы да әр түрлі. Мәселен, Алматы қаласында 840 тг болса, дәл сол тамақ үшін Қарағанды оқушылары 480 тг төлейді.

«Мектептердегі бастауыш сынып оқушыларының ыстық тамақпен қамтылуы мәселесі өзекті. Президент тапсырмасы бойынша, еліміз бойынша барлық мектептің бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылуы тиіс. Алайда, барлық мектепте асхана жоқ. Екіншіден, ыстық тамақтың құны әр өңірде әр түрлі. Баға мәселесі бірізді жолға қойылмай тұр. Әлеуметтік саладағы бұл сауал да шешілмей тұр», — депутат.

Дәл осы тақырып бойынша, Мәжілістің жалпы отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жауап берді. Баға бірізді жүйеге келтірілмегені айтылды.

ШҰРЫҚ ТЕСІК ЖОЛДАРДАН ҚАШАН АРЫЛАМЫЗ?

Ауыл тұрғындарын тыңдағаннан кейін, Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева келесі депутаттық сауалын республикалық маңызы бар және ауылдардағы жол төсемі тақырыбына арнамақ.

«Астана-Қорғалжың республикалық дәрежедегі автокөлік жолының сапасы жайлы тұрғындар көп шағымданады. Қорыққа апаратын жол арқылы шетелдіктер, мамандар, туристер жүреді. Республикалық маңызы бар қала болған соң «ҚазАвтоЖол»-ға жаздық. 51 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілгені жөнінде бізге айтылды. Келесі жылы 39 шақырым Астанадан Оразақ ауылына дейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Яғни, мәселені шешу үшін қаражат қажет, ал республикалық бюджеттен бөлінуі үшін ұзақ уақыт қажет. Азаматтардан түсіністік танытып, сабырмен мәселенің шешілуін күтуді сұраймыз. Мәселен, автожолды жөндеу үшін бірнеше тәсілмен, этаппен жөндеуден өтеді. Жүк көліктері жүретіндіктен, үнемі жөндеу жүргізіліп отыруы тиіс. Ақмола облысында бірнеше ауылда көпірлер арқылы өтетін жолдар бар. Яғни, республикалық маңызды жолдар мен ауыл, аймақтағы жол төсемін қайта құру мәселесін көтеремін», — деді депутат.

 

Другие новости

Back to top button