Мопед ұрысын тоқтатпақ болған полицейді күдікті сүйреп әкетті (ВИДЕО)
Ұсталған адам бұрын 4 рет мопед ұрлығына қатысқан

Алматыда баукеспе мопедке жармасқан полицейді бірталай жерге дейін сүйреп әкетіп, өлтіре жаздады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Төле би даңғылының бойында болған. Күндіз сол аудандағы үйлердің ауласынан мопед ұрланған. Полицейлер мекен-жайға жеткенде мотоцикл дулығасын киген белгісіз адамдарды байқап қалады.
Жақын маңдағы аумақты жедел тексеру барысында Алмалы аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Елдар Тоқташев сипаттамалары ұқсас күдіктілерді көрген.
Жолда көлік көп болғандықтан, полиция қызметкері қылмыскерлерді жаяу аңдиды, бірнеше рет тоқтауды бұйырады. Бірақ ұры оларға мән бермей қаша жөнелгенде, полицей мопедке жармасады. Күдікті сақшыны бірнеше метрге сүйреп, көшедегі көлікке соғады. Полиция қызметкері жарақат алды.
Кейіннен баукеспенің қалада кем дегенде 4 рет мопед ұрлағаны анықталды.
«Полиция аға лейтенанты Елдар Тоқташевтың батыл әрекеті қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін қылмыскерді ұстауға мүмкіндік берді. Біз өз қызметкерлерімізбен мақтанамыз, олар: Заң мен тәртіп жай ғана сөз емес, азаматтар үшін нағыз қалқан екенін күн сайын дәлелдеуде», — деді Алмалы аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінің бастығы Тимур Иманбеков.
Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол қамауға алынды.