Главное

Мопед және декреттік шығындар: 1 сәуірден бастап елімізде қандай өзгерістер болады

1 сәуірден бастап елімізде бірнеше маңызды өзгеріс күшіне енеді. Бұл білім беру, көлік, сақтандыру, көлік құралдарын тіркеу мен декреттік төлем, салық жүйесіне қатысты жаңашылдықтарды қамтиды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталады

1 сәуірден 31 тамызға дейін ата-аналар балаларын бірінші сыныпқа тіркей алады. Өтініштер eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы немесе қағаз түрінде қабылданады. Айта кетейік, бүгін eGov.kz жүйесі істен шықты, ал, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин ата-аналар белсенді болған соң, портал уақытша жұмыс істемей қалды дейді.

Павлодар әуежайы уақытша жабылады

1 сәуірден бастап Павлодар халықаралық әуежайында ұшу-қону жолағының жөндеу жұмыстары басталады. Осыған байланысты барлық рейстер уақытша тоқтайды. Жөндеу қараша айына дейін жалғасады.

Мопед жүргізушілері үшін жаңа талаптар енеді

5 сәуірден бастап мопедтер механикалық көлік құралдары санатына енеді.

Осыған байланысты:

  • мопедтерді міндетті түрде полицияда тіркеу қажет;
  • жүргізушілер техникалық тексеруден өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеуі тиіс;
  • A1 санатындағы жүргізуші куәлігі қажет болады;

Автокөлік сақтандыру ережелері өзгереді

Жол-көлік оқиғалары (ЖКО) кезінде кінәлі жүргізушілер үшін «бонус-малус» (сақтандыру бойынша жеңілдіктер) жүйесі қатаяды. Егер жүргізушінің соңғы уақыт ішінде үш және одан да көп құқық бұзушылықтары болса, оның сақтандыру класы бір сатыға төмендейді. Бұл жол ережелерін жиі бұзатын азаматтар үшін сақтандыру полисінің қымбаттауына әкелуі мүмкін.

Мәжілісте Салық кодексіне өзгерістер талқыланады

Мәжілістің жалпы отырысында ҚҚС мөлшерлемесін арттыру, төлеу шегін көтеру және жеке кәсіпкерлерге қатысты жаңа талаптар сияқты мәселелер қаралады. Бұл өзгерістер шағын және орта бизнеске әсер етуі мүмкін.

Шерзат ісі бойынша алдын ала тыңдау өтеді

10 сәуір күні Шерзаттың даулы ісі бойынша алғашқы сот тыңдауы өтеді. Бұл іс қоғамда қызу талқыланған еді.

Медициналық мекемелерде сенім телефоны іске қосылады

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің сапасын ішкі және сыртқы сараптау ережелеріне өзгерістер енгізді. 6 сәуірден бастап барлық медициналық ұйымдарда пациенттерді қолдау қызметінің сенім телефоны және азаматтарды қабылдау кабинеті жұмыс істейді.

Негізгі өзгерістер:

  • сенім телефоны тұрақты түрде жұмыс істейді;
  • азаматтарды қабылдау кабинеті медициналық мекеменің бірінші қабатында орналасады.
  • телефон нөмірі мен қабылдау кабинеті туралы ақпарат мекеменің ресми сайтында, интернет-платформаларда және көрнекті жерлерде (күту залдары, тіркеу орындары, дәрігерлер кабинеттері) орналастырылады.
  • сонымен қатар, медициналық сараптама жүргізілетін жағдайлардың тізімі кеңейтілді.

Бұл өзгерістер медициналық қызмет сапасын жақсартуға және азаматтардың шағымдарына жедел жауап беруге бағытталған.

Теміржол арқылы жүк тасымалдау ережелері өзгерді

Төтенше жағдайларға арналған жүктерді тасымалдау жеделдейді:

  • жүктің тиеу орнын мемлекеттік органдар келісіп, бекітеді;
  • вагондар жедел бөлініп, тиеу 12 сағат ішінде аяқталады;
  • құжат 2 сағат ішінде рәсімделіп, тасымал күніне 1000 км жылдамдықпен жүреді.

Бұл өзгерістер төтенше жағдайларға көмек көрсетуді тездетуге бағытталған.

Декреттік төлемдер мен бала күтімі бойынша өзгерістер енеді

Негізгі өзгерістер:

  • декреттік төлемдер орташа айлық табыстан есептеледі, бірақ ол 7 төменгі жалақыдан аспауы тиіс;
  • әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік тәуекел басталғаннан кейін төленгендер есепке алынбайды.

Бұл өзгерістер МӘСҚ активтерін мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету және алаяқтықтың алдын алу үшін еніп отыр.

Другие новости

Back to top button