Культура

“Менімен өсті, Мақпалмен өшті”. Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі әншіні не үшін айыптады?

Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі Нұрбике Нұрқаділова тұңғыш рет ел естімеген құпияның бетін ашты, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Youtube-тегі “Уақыт көрсетеді” бағдарламасына берген сұхбатында Нұрбике Нұрқаділова Заманбек Нұрқаділовпен қалай танысып, қалай отбасын құрғандарын айтып берді. Оның айтуынша, ол Заманбекке университет қабырғасында оқып жүргенде тұрмысқа шыққан.

“Зәкеңмен студент кезімізде үйлендік. 27 жыл бірге тұрдық. Құдайға шүкір, екі баламыз бар. Қайрат 4-ші курста оқып жүргенімде дүниеге келді, одан кейін Құралай өмірге келді. Екеуіне де жақсы тәрбие бердік. Кейін түрлі жағдай болып, екеуіміз ажырасып кеттік. 1965 жылы үйленіп, 1995 жылы ажырастық. Балаларың үшін, халқың үшін  аман жүр деп шығарып салдым”, — деді Нұрбике Нұрқаділова.

Екі жастың тойы өте қарапайым өтіпті. Нұрбике Нұрқаділова ол кезде Заманбектің қалың малға беретін ақшасы да жоқ еді деп еске алады.

“1965 жылы 29 мамырда тойымыз өтті. Ол кезде Зәкеңнің маған беретін қалың малы да жоқ болатын. Заман сондай болды ғой. Екеуміз де студентпіз. Бізде махаббат пен кедейлік болды. Ал қазір барлығы есеппен үйленетін болып кетті ғой. Жалдамалы үйде тұрдық, Нарынқолдан туыстарымыз картоп беріп жіберетін. Студенттік степендияға өмір сүріп жүрдік”, — дейді Нұрбике Нұрқаділова.

27 жыл тату-тәтті тұрған ерлі-зайыпты 1995 жылы ажырасып, Заманбек Нұрқаділов әнші Мақпал Жүнісоваға үйленеді. Нұрбике Нұрқаділова күйеуінің бұл таңдауы жүрегіме қатты батты дейді. Оның айтуынша, әншінің соңынан кеткен күйеуінің күйі сол кеткеннен оңалмаған.

“Заманбектің кейінгі махаббаты есепке құрылған махаббат қой. Кейбіреулерге сол керек те болған шығар. Мақпалға қосу арқылы Зәкеңнің көзін құртқысы келгендердің қитұрқы әрекеті ме деп те кейде ойлаймын. Мүмкін Мақпалға сондай тапсырма берілді ме екен?! Оны кім біледі?! Заманбек менімен тұрған кезде жағасы кірлемей, үнемі ақ көйлек киіп жүретін. Ал Мақпалға кеткелі ақ көйлек кимейтін болды. Соны байқаған Қайрат пен Құралай әкелеріне ақ көйлек сатып алып берген кездер де болатын, — дейді Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі.

Нұрбике Нұрқаділова Мақпал Жүнісова араласқан, тілдескен адамым емес дейді.

“Заманбек менімен жүргенде қызметі өсті, дені сау болды, ішімдікке де құмар емес еді, толық та емес болатын. Қалай Мақпалға кетті, денсаулығына да, өзіне де, қызметіне де қарамай кетті. Зәкең барда да, ол өмірден кеткеннен кейін де Мақпал сөйлескен адамым емес”, — деді Нұрбике Нұрқаділова.

Сұхбаттың толық нұсқасын Нұрсейіт Жылқышыбайдың Youtube-тегі “Уақыт көрсетеді” бағдарламасынан көре аласыздар.

Другие новости

Back to top button