Культура

Мені жаз бойы бай-манаптардың тойына салды — айтыскер Айшолпан Тұрсынбектің жары туралы

Белгілі айтыскер Айшолпан Тілеутай танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жары, продюсер Мөлдір Мұқановамен арасындағы дауға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Айтыскер әділдік іздеп кезекті рет әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасады.

«Менің бұрынғы продюсерім, атақты әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жары Мөлдір ханым маған жала жауып, сұхбат берген. Жанындағы журналистердің менің дене бітіміме тиісіп, үстімнен мысқылдап күліп отырғанын көріп, намысымды таптады. Жүрегім ауырды. Алайда, мен ешкімнен қорықпаймын, өзімді таптатпаймын. Кімнің жары болсаңыз да, ешкімнен қорықпаймын.

Мен Астанаға арман қуып келдім, жаспын, бойымда жалыным бар. Әкем – күзетші, анам – ұстаз. Сіздер сияқты, асып-тасып жатқан байлықтары жоқ. Ата-анамның үмітін ақтау үшін астанаға келдім. Жылап-еңіреп Мөлдір ханымға бармадым. Мөлдір ханым маған келіп, жұмыс ұсынды. Астанада мені қолдайтын, қорғайтын адам бар екен деп, келісім-шартқа отырдық. Ол келісім-шартта Тұрсынбек аға мен Мөлдір ханым мені «Әзіл әлеміне» шығару керек болатын, киноға түсіру керек болатын, концерттерге шығарып, киім-кешекпен қамтуы тиіс еді. Сонымен қатар айлық жалақымды уақытында төлеуі керек болатын», — дейді Айшолпан Тілеубай.

Өкінішке қарай, халыққа белгілі, танымал азаматтар құжаттағы бес талаптың бірін де орындамаған.

«Мені жаз бойы жаз бойы бай-манаптардың тойына, депутаттардың тойына, министрліктің, аппараттың тойына тегін салып, соңында ақшамды бермей қойды. Бір министр ағамыз домбыра сыйлаған еді, «Саған бере алмаймын, мен арқылы алдың», деп өзінің үйіне іліп қойды. Осындай адамдармен мен қалай жұмыс істеймін деп, телефонымды алмай қойдым.

«Айшолпанға бір костюм тігіп бердім, соны әлі киіп жүр» деген сөзін естідім. Мөлдір ханым, егер сіз жобаңызға костюм тігіп берсеңіз, ол сіздің продюсерлік міндетіңіз. Егер костюм тігіп бере алмасаңыз, онда продюсерлікпен айналыспаңыз.

Тұрсынбек аға мен Мөлдір ханым! Маған төлемеген ақшамен байып кете қойыңыздар. Бірақ менің мазамды алмаңыздар, аяқтан шалмаңыздар! Өтірік айтып, байбалам салмаңыздар!», деді Айшолпан.

Другие новости

Back to top button