Мен мемлекетімді сата алмаймын – Зеленский Трампқа жауап берді

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың өз еліне қатысты бірқатар ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ
Зеленский АҚШ қолдамаса, Украина Ресейді жеңе алмайтынын мойындайды. Бірақ “олар (Ресей) бізді оккупациялай алмайтыны анық” деді.
Бүгін зерттеу қорытындысы шығып, халықтың 57% маған сенетіні белгілі болды. Сол себепті дәл қазір мені тақтан тайдырам дегендердің қолынан түк келмейді, – деді Зеленский.
Оның айтуынша, халықтың тек 4% Зеленскийді қолдайды деген ақпаратты Ресей тарапы таратып, АҚШ-қа соны көрсеткен. Украина президенті сонымен қатар, “Украинаға АҚШ бастаған Батыс елдері 500 млрд АҚШ доллары берді” деген ақпаратты жоққа шығарып, ол жақтан 67 млрд доллар қару-жарақ үшін, ал 31 млрд доллар бюджеттегі бағдарламаларға берілгенін мәлімдеді.
Украина соғысқа 320 млрд доллар жұмсады. Оның 120 млрд долларын украиндықтар, ал 200 млрд долларын АҚШ пен Еуропа берді, – деді Зеленский.
Владимир Зеленский сонымен қатар, АҚШ ұсынған сирек кездесетін металдар туралы құжатты оқып, ол жерден өз еліне кепілдік болар ешқандай қауіпсіздік шарттарын көрмегенін, өзі мемлекетті сата алмайтынын мәлімдеді.
Бізде әуе қорғанысына қарсы күштер жоқтың қасы. Мен Еуропа елдерінің көшбасшыларымен келіссөз жүргізіп жатырмын. Егер АҚШ бермесе, слар Украинаның қарулы күштеріне қаражат береді деп сенемін, – деді Зеленский.
ЭР-РИЯДТАҒЫ КЕЗДЕСУ
Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында күні кеше Ресей мен АҚШ жоғары лауазымды тұлғалары арасында тарихи ресми келіссөздер өтті. Бұл — Украинадағы соғыс басталғалы бері екі ел арасында болған алғашқы жоғары деңгейдегі кездесу. Келіссөздердің басты нәтижесі — дипломатиялық миссиялардың толыққанды жұмысын қайта жандандыру туралы уағдаластық болды.
Ресей делегациясын сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен президенттің халықаралық істер жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков бастап барды. Ал АҚШ тарапынан келіссөздерге мемлекеттік хатшы Марко Рубио, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Уолц және Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стив Уиткофф қатысты.
Қызықты жайт — Ресей тікелей келіссөздер барысында америкалық азамат Марк Фогелді босату мәселесін көтерді. Бірақ бұл тақырып Эр-Риядтағы келіссөз үстелінде емес, жеке кездесулер аясында талқыланғаны белгілі болды.