Социум

Мемлекеттік органдардың шешіміне наразылардың үні Президенттің құлағына жетті

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс жобаларын сараптау нарығына қатысты биыл сәуір айында шыққан бұйрығына наразылық уақыт өткен сайын күшейіп барады. Сарапшылар тарапынан қарсылыққа ұшырап, жобалаушылар мен тапсырыс берушілердің ашуын туғызған мәселе бойынша кеше дөңгелек үстел өтті. «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында өтен алқалы жиынға Парламент Мәжілісінің депутаты қатысқанын айта кетейік.

 

Туындаған проблеманың түп-төркіні туралы

Алдымен, мәселенің жай-күйіне, қашан, қайдан туындағанына қысқаша тоқтала кетейік. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес техникалық жағынан күрделі емес жобаларды сараптау аккредиттелген (мемлекеттік емес) сараптама ұйымдарының құзыретіне жатады. Қазір 200-ден астам аккредиттелген сараптама ұйымдары жобалардың 80%-ына сараптама жүргізеді. Алайда, биыл сәуір айында Индустрия министрлігінің бұйрық жобасы шықты. Яғни, ендігі уақытта өкілетті орган сараптама объектілерін күрделіліктің бір санатынан екіншісіне ауыстыру арқылы оларды мемлекеттік монополияға бермекші.

Техникалық тұрғыдан күрделі өндіріс орындарына 4-5 қабатты тұрғын үйлер, жеке инвесторлар қаржыландыратын сауда орындары, тіпті шағын жинақталған ауыл мектептері, стадиондар мен мешіттер кіреді. Осылайша, бұрын жеке сараптамалық ұйымдар жүзеге асырған сараптамалық жұмыстардың біраз бөлігі (28%) мемлекеттік монополияға кетпек.

Сарапшылардың пікірінше, Индустрия министрлігінің қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізуіне ешқандай негіз жоқ, объектілердің техникалық күрделілігінің өзгеруінің дәйекті дәлелдері ұсынылмаған, нарықтың толыққанды талдауы, енгізілетін өзгерістердің салдары есептелмеген.

Нарықта ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі ұйымдар оған қарсы шығып, өздерінің аргументтерін айтып, Монополияға қарсы агенттік араласқаннан кейін министрлік аяғын тартып, бұл құжатты кері қайтарып алған болатын. Бірақ «өзгерттік» деп қайта әкелген құжаттың алдыңғысынан айырмашылығы шамалы екені белгілі болды.

Мәселе Ақордаға дейін жетті

Таяуда аккредиттелген сараптамалық ұйымдардың кәсіби бірлестігі «Сараптамалық ұйымдар палатасы» Индустрия министрлігінің құрылыс жобаларын сараптау саласын мемлекеттік монополияға қайтарудың табанды әрекеттеріне байланысты еліміздің Бас прокуратурасына және Мемлекет басшысына хат жазып, көмек сұрауға мәжбүр болды.

Хатқа арқау болған мәселелерді тілге тиек етер болсақ, біріншіден, ИИДМ шешімі бизнестің мүддесіне кері әсер етеді және Мемлекет басшысының былтыр 8 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы «Құрылыс нарығын демонополизациялауға және оның бәсекелестік ортада дамуына ықпал ету шараларын қабылдау» жөніндегі тапсырмасына қайшы келеді. Сондай-ақ «100 нақты қадам – Ұлт жоспарындағы» «Жобалау-сметалық және жобалау құжаттарын сараптамадан өткізуге байланысты МЕМЛЕКЕТТІК МОНОПОЛИЯДАН БІРТІНДЕП БАС ТАРТУ. Жобаларды сараптауды бәсекелесті ортаға тапсыру» деп тайға таңба басқандай көрсетілген 47-қадамға да сай келмейді.

Тағы бір айта кетерлігі, бұйрық жобасын Индустрия министрлігі қолданыстағы заңнамасының нормаларын бұза отырып дайындаған. ҚР Кәсіпкерлік кодексінде және «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының 19-бабының 3-тармағына сәйкес, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін  қайшы келетін нормативтік құқықтық актілердің жобаларына реттеушілік әсерді талдау міндетті түрде жүргізілуі тиіс. Соның салдарынан 200-ден аса сараптама жасау ұйымдарының жойылып қалу қаупі төніп тұр.

Мәселеге Мәжіліс депутаты араласты

Енді кешегі дөңгелек үстелге тоқталайық. Сол жиында Парламент Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжметдинұлы Монополияға қарсы агенттік пен Әділет министрлігі Сараптама ұйымдарының палатасын қолдап отырғанын жеткізді.  Сонымен қатар, бұл нарықтағы мыңдаған адамды жұмыссыз қалдыратынын, сарапшы ұйымдардың инфрақұрылымға салған қаражаты қайтарылмай, босқа күйіп кетуі мүмкін екенін айтты.

Сарашылар палатасының басқарма мүшесі Асқар Нұрмағамбетов ИИДМ келген тиісті басқарманың басшысына:

– Сіздер жауапкершілікті бөлісіп жатқан жоқсыздар, нарықты бөліп жатырсыздар. Министрліктің бұйрығына Түркиядағы зілзала себеп болғаны туралы айтылды. Бірақ бұл құжатта сараптама жасау әдістемесі өзгеретіні туралы ештеңе айтылмаған,– деді.

Жалпы, министрліктің осы бұйрығының шығуына Түркиядағы зілзалаға байланысты туындаған трагедия себеп болғаны айтылады. Алайда, Сараптама ұйымдары палатасының президиум мүшесі, архитектор Төлеутай Жарылғанов Түркиядағы жағдайдың еш қатысы жоқ екенін айтып, бұл аргументті жоққа шығарды.

– Түркиядағы трагедия әлемдік қауымдастықты алаңдатқаны рас. Барлық елдер өздеріндегі хал-ахуалға қарайлай бастады. Мемлекеттік органдар Қазақстандағы сейсмикалық аудандарды зерттеуге кірісті. Бірақ шын мәнісінде сейсмикалық қауіпті аймаққа жататын жерлер баяғыдан белгіленіп, бекітіліп қойылған. Атап айтқанда, бұл еліміздің оңтүстік-шығыс өңірі – Қазақстанның территориясының үштен бір бөлігі. Бұл сейсмоқауіпті аймақта 383 елді мекен орналасқан, оның ішінде 10 балдық зілзала болуы мүмкін жерде – 10 елді мекен, 9 балдық аймақта – 116 елді мекен, 8 балдық аймақта – 172, 7 балдық аймақта  – 85 елді мекен орналасқан. Мемлекеттік орган сеймикалық тексеріс жасаудың орнына мүлде басқа бағытқа кетіп, нарықты бөліп-жарып жатыр. Алматыдағы 27 нысан зілзала қауіпі төніп тұрған тектоникалық  жарылымда орналасқан, оның барлығына рұқсатты мемлекеттік сараптама берген. Бұдан шығатын қорытынды, Алматыдан басқа бірде-бір елді мекен зерттелмеген. Сол себепті, мен 165-ші қаулы мен зілзаланың арасынан ешқандай байланыс көріп тұрған жоқпын, – деді ол.

Мамандар не дейді?

Жалпы, нарықта жұмыс істеп жүрген тәжрибелі мамандардың пікіріне құлақ түрсек, көпшілігі министрліктің бұйрығының теріс жақтары көп екенін айтады. Мысалы, Қостанай қаласында жұмыс істейтін «СНК проект» ЖШС директоры Қасымхан Сақымов:

– Өз бұйрығымен уәкілетті орган құрылыс жобаларын мемлекеттік емес сараптау институтының жұмысын әлсіретіп, сараптама көлемін мемлекеттік сараптама ұйымының құзыретіне беру арқылы осы саладағы нарықты іс жүзінде монополиялайды. Өкілетті органның жүргізіп отырған саясаты іс жүзінде жобаларды мемлекеттік емес сараптау институтының тарап кетуіне әкеп соғады. Жұмыс істеп тұрған мемлекеттік емес сараптама ұйымдарының көпшілігі өз қызметтерін тоқтатуға, мамандары мен сарапшыларын қысқартуға мәжбүр болатынына сенімдімін, — деген пікір білдірді.

Қорыта келгенде, жиын нәтижесі Сараптама ұйымдары палатасының көтерген мәселесі негізді екенін көрсетіп отыр. Соны ескере келіп, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Әділет органдары Сараптама ұйымдары палатасының ұстанымына қолдау білдіріп отыр. Оны Парламент Мәжілісінің депутаты  Болатбек Нәжметдинұлы қатысушылар назарына жеткізгенін жоғарыда айтып өттік. Құрылыс жобаларына сараптама жасау нарығын алаңдатқан мәселе қалай шешілетінін бақылауды жалғастырамыз.

 

 

 

Другие новости

Back to top button