Госорганы

Мемлекет басшысы: Елдің төтенше жағдайға дайындығы – 70 пайыз ғана

Орталық және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға дайындығы – 70%. Мұндай цифрды жедел штаб отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, былтыр Қостанайда дайындық деңгейі төмен екені белгілі болған.

«Үшіншіден, былтыр Қостанайда болған өрт кезінде мен азаматтық қорғау және атқарушы билік органдарының төтенше жағдайларға нақты дайындығына тексеру жүргізуді тапсырдым. Орман және дала өртін сөндіру үшін өртке қарсы техникалық құрал-жабдық қорларын қалыптастыру тапсырылды. Дайындық деңгейі төмен екені анықталды. Атап айтқанда, материалдық-техникалық жарақтандыру көрсеткіші – 69%, функционалдық инфрақұрылым көрсеткіші – 63%. Жалпы, орталық және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға дайындығы – 70% (Төтенше жағдайлар министрлігі – 75,1%, Экология және табиғи ресурстар министрлігі – 59,5%, жергілікті атқарушы органдар – 70,2%). Үкімет дайындық көрсеткіштерін төтенше жағдайларға тиісті дәрежеде төтеп беретін деңгейге жеткізуі қажет. Әлемде бір де бір мемлекет көп кәсіби өрт сөндірушіні ұстап тұра алмайды. Еріктілер отрядтарын тарту тәжірибесі кеңінен қолданылады және оларды оқытады, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді және сақтандыру шаралары қарастырылады. Бізде де бұл нормалар заң жүзінде қарастырылған. Біз бұл ресурсты белсенді пайдалануымыз керек», — дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жаздың ыстығы енді ғана басталды. Кез келген уақытта өрт шығуы мүмкін.

Сондай кезде өртке төтеп беру үшін дайындық сақадай сай болуға тиіс. Үкімет осыған байланысты шұғыл шаралар қабылдауы керек.

«Орман алқаптарына келіп, қауіпсіздік ережелерін бұзған азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Олар от жағып, оны өшірмей кетеді, бұл қайғылы жағдайға алып келеді. Осымен жиналыс аяқталды. Дереу іске кірісу қажет», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Другие новости

Back to top button