Образование

Мектептерге кезең-кезеңмен академиялық автономия беріледі — Асхат Аймағамбетов

Мектептерге арналған жаңа мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары әзірленіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздегі білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау кезінде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Орта білім берудегі өзекті мәселе – ол білім мазмұны мен білім сапасы. 2016 жылдан 2021 жылға дейін мектептер жаңартылған бағдарламаларға көшті. Критериалды бағалау жүйесі енгізілді. Бұл өз кезегінде өте маңызды өзгеріс болды. Дегенмен, мониторингтік зерттеулерге сәйкес, жекелеген пәндер бойынша оқу бағдарламалары жетілдіруді қажет етеді. Осыған орай мектеп бағдарламаларын жаңғыртамыз. Қазір жұмыс тобы құрылды, жаңа мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары әзірленіп жатыр», — деді А. Аймағамбетов.

Оның айтуынша, мектептерге кезең-кезеңмен академиялық автономия беріледі.

«Білім беру сапасын сырттай тәуелсіз бағалау жүйесі еңгізіледі, мектептердің аттестаттау жүйесі репрессивті мазмұннан, диагностикалық бағытқа ауысады. Мектептегі қорытынды бағалаудың нәтижесін халықаралық деңгейде тану бойынша жұмыстары жүргізіледі», — деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, балабақшаларда балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізіліп жатыр. Осы орайда ондағы бағдарлама да, оқыту әдістері де түбегейлі өзгереді.

Другие новости

Back to top button