Образование

Мектептер оқу бағдарламасын өзгерте алады — Білім министрлігі

Білім министрлігі Қазақстандағы кейбір мектептерге оқу бағдарламасын өзгертуге рұқсат беруге ниетті, деп хабарлайды Stan.kzақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро жаңалықтар арнасына сілтеме жасап.

 

Бұл туралы экс-министр Асхат Аймағамбетов қызметінен кетер алдында мәлімдеді. Бірақ бұл оқу орындары мемлекеттік стандарттың талаптарын сақтауы керек. Академиялық еркіндік пилоттық режимде берілмек.

Бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамбетов түсіндіргендей, бұрын тек халықаралық мектептерге типтік оқу бағдарламаларын толық ұстанбауға болатын. Министрлік мұндай мектептердің санын көбейтуді мақсат етіп отыр. Ресурстары мен қажетті әлеуеті бар оқу орындарына пилотты бағдарламалар ұсынылады. Бұған дейін академиялық еркіндік төрт жыл бұрын жоғары оқу орындарында және өткен жылдан бастап колледждерде енгізілді.

“Мектептер типтік оқу бағдарламаларын қатаң сақтамай, мазмұнын дербес анықтай алады. Бірақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартындағы нәтижелерге қол жеткізуі керек. Бұл жаңа инновациялық оқу бағдарламаларын енгізуге мүмкіндік береді”, – деді Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері Эльмира Ермолдина.

Бұрын мектептің инновациялық бағдарламалары қосымша тапсырмалар арқылы жүзеге асырылатын. Бірақ қосымша сабақтар балаларға шамадан тыс жүктеме, дейді экс-министр. Мектептің эксперименттік бағдарламаларын өздері емес, Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының әдіснамалық сүйемелдеуімен сынайды.

“Алғашында біреулер қайтадан сыналатын қоян болады. Өйткені мұның бәрі пилоттық жобалар және ол сынақтан өтіп жүйеленгенше, әрине, уақыт пен шыдам керек”, – деді педагог Елена Бантикова.

Бірақ Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова бұл идеяға сыни өзқараспен қарады. Оның педагогика саласында 35 жылдан астам тәжірибесі бар.

“Бұл – артық нәрсе. Онсыз да оқу орындары мемлекеттік білім беру стандартын орындау кезінде және білім беру сапасын арттыру үшін әртүрлі инновациялық процестерді қолдана алады”, – деді депутат Смирнова.

Депутаттың айтуынша, білім министрлігі мектептер мен балабақшалардағы барлық процестерге араласып, әсер етуге тырысады. Ол шектен тыс бақылауды тоқтатып, мектептерге нақты еркіндік беру керек екенін айтты. Білім министрлігі даму стратегиясына, идеологиясына, философиясына және білім сапасына жауап береді. Ал оны қалай орындайтынын оқу орны өзі шешеді, деп атап өтті депутат.

Другие новости

Back to top button