Образование

Мектептегі дене шынықтыру сабағына өзгеріс енгізілді

Жаңа оқу жылында дене шынықтыру сабағында бірқатар өзгеріс болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан мектепке дейінгі және орта білім комитетіне сілтеме жасап.

Біріншіден, балаларға мемлекеттік тапсырыс арқылы жеке ұйымдардағы үйірмелер мен спорт секцияларына қатысуға қосымша мүмкіндік беріліп отыр.

«Демек, балалар дене шынықтыру сабақтарында аптасына үш рет дене шынықтырумен айналысады, сондай-ақ кесте бойынша спорт секцияларына қатыса алады», — делінген ресми хабарламада.

2021 жылдан бастап енгізілген тағы бір жаңалық – дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне 3 сағаттық спорт секциясын өткізгені үшін жалақысына қосымша 100% төлемнің берілуі. Оқушылар осы секцияларға да қатысады. Бұның барлығы оқу жоспарларының жүктемесін асырмай, балалар арасында бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасайды.

Ал дене шынықтыру сабақтарының санына қатысты өзгеріс жоқ. Жаңа оқу жылында 1-11 сынып оқушылары бұрынғыдай аптасына үш сағатты дене шынықтыру сабағына арнайды. Мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес, бір сыныптың барлық оқушысы дене шынықтыру сабағына қатысады. Бірақ мұғалім балаларды бірнеше топқа бөле алады.

«Бұл ретте мектеп бағдарламаларында қыздар мен ұлдардың дене шынықтыру жаттығуларының жекелеген нормативтері бар, олар сабақта міндетті түрде сақталуға тиіс. Яғни, мұғалім сыныпты гендерлік принцип бойынша топтарға бөле алады. Мысалы, сабақта сынып қыздар мен ұлдар топтарына бөлінеді, ал мұғалім әр топқа жеке жаттығулар береді. Мұндай әдістемелік тәсілдерді сараланған әдісті қолдану қажет болғанда басқа пән мұғалімдері де пайдаланады», — дейді комитет мамандары.

 

Другие новости

Back to top button