Интервью

«Мектеп бағдарламасын түбегейлі өзгерту керек»

Думан Қадығалиев - Болашақ бағдарламасының түлегі

Болашақ бағдарламасының «Білім саласында басқару» мамандығы бойынша түлегі Думан Қадығалиевпен сұхбат.

Оқушылардың біліміне баға беретін халықаралық PISA рейтингісінде Қазақстаннның соңғы рет төмен көреткіш көрсеткені белгілі. Әр үш жыл сайын жүргізілетін сынақ елімізде соңғы рет 2018 жылы өтті. Пандемияның салдарынан былтыр бұл ұйым елімізде зерттеу жүргізе алмаған. Бірақ, отандық педагог-сарапшылар, содан бері оқушылардың білімі күрт артты деп айтуға келмейді деп отыр.

79 елдің оқушылары арасында жүргізілген PISA рейтингінде Қазақстан математика бойынша 53 орын, оқу бойынша 69 орын, жаратылыстану ғылымы бойынша 68 орынды көрсеткен. Әдетте, алғашқы ондықтан Қытай, Сингапур, Жанпония, , Гонконг, Эстония, Канада, Финляндия, Ирландия, Оңтүстік Корея, Польша елдерін көруге болады.

Еліміздегі педагог-сарапшы, Болашақ бағдарламасының «Білім саласында басқару» мамандығы бойынша түлегі Думан Қадығалиев, білім жүйесіне терең мән беретін бұл елдер дәл осы PISA рейтингісіне бекер қатыспайтынын айтады. Алматыдағы жеке меншік мектептің бірінде директордың оқу ісі жөнінде орынбасары болып жұмыс істейтін ол, саладағы кемшін тұстарды жіпке тізіп берді. Айтуынша, білім саласына кездейсоқ келген мамандар «әлсіз» оқушыларды дайындайды.

«Расында да, мектеп оқушыларының деңгейі өте төмен. Оған бірнеше объективті және субъективті себептер бар. Алдымен,объективтіге тоқталсақ. Мәселен, Нидерланды елінде CITO деген ұйым бар. Ол әлем бойныша мектеп оқушыларының деңгейін анықтаумен айналысады, сол үшін де халықаралық PISA  деген тестілеуді жүргізумен айналысады. Онда барлық мемлекеттерге ортақ математика, физика сынды сабақтарды негізге алады. Соңғы рейтингі бойынша Қазақстан білім деңгейі төмен деңгейді көрсетті.

Субъективтіге келетін болсақ, біріншіден жоғарғы оқу орындарында кадрларды дайындау біздің елде әлсіреп кетті. Яғни, тегін оқуға іліккені үшін немесе оқу ақысы тиімді болғаны үшін мұғалімдік мамандыққа оқуға түсіп жататын талапкерлер болған әлі де бар. Бірақ олардың педагог болуға шынайы құлшынысы жоқ. Яғни, білім саласына кездейсоқ адамдардың көптеп келуі, әсіресе  1990-2000 жылдары байқалады. Ал бұл өкінішке қарай біздің білімімізді төмендетіп жіберді»,-деді Болашақ бағдарламасының «Білім саласында басқару» мамандығы бойынша түлегі Думан Қабдығалиев.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі мұғалім жетпейтін және білімі нашар өңірлерге үздік педагогтерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, биыл жазда жүргізген болатын.

Білікті мұғалімдер Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарына математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері қажет екені де алдын ала айтылды. Өйткені, халықаралық PISA 2018 зерттеуінің және Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі басқа облыстардың оқушыларымен салыстырғанда осы өңірлердегі түлектерінің білімінде алшақтық барын көрсекен.

Әйтсе де, сарапшы Думан Қабдығалиев ҰБТ-ның тиімсіз тұсы басым екенін алға тартты.

«Екініші себеп, бұл тесттік жүйе деп есептеймін. Емтиханға оқушылар бұрынғыдай дайындалатын болса, олар білім үшін оқиды. Өйткені, емтиханды ауызша, жазбаша түрде тапсырады. Сондай-ақ, бұл білім оқушылардың есінде қалады. Біздің алдымыздағы аға буынның мектеп кезіндегі оқыған-тоқыған дүниелері естерінде қалып қоятыны да осыдан. Қазір болса, бәрі жаттанды жүйе. Ол уақытша ғана өзінің әсерін көрсетеді. Оқушылар сынақтан өздеріне қажетті ұпайды жинағаннан кейін, жаттаған нәрсесінің бәрін ұмытып қалады.

Үшінші мәселе — оқулықтар жазу. Өкінішке қарай, Қазақстанда мектеп оқулықтарын жазатын баспалардың саны өте көп. Олардың арасында бәсекелестік бар. Әрбір пән бойынша өзінің оқулығын жазғысы келетін профессорлар, жалпы оқыған адамдар да өте көп. Олардың арасындағы бір жүйеліліктің болмауы, яғни қисынсыз сұрақтар қоюы, қисынсыз есептер шығаруы мектеп бағдарламасын әлсіретіп жіберді. Жыл сайын оқулықтардың мазмұны бойынша қаншама дау шығып жатыр. Бұның бәрі бағдарламаның жүйесіз екеніне дәлел»,-деді Думан Қабдығалиев.

Сарапшы білім саласындағы олқылықтарды шешу Финляндия мемлекетінің ұтымды тәсілін қолдануды ұсынды.

«Онда қарапайым мектепте мұғалім болу үшін болашақ педагогтар үлкен іріктеу конкурсынан өтеді және оның міндетті түрде магистр дәрежесі болуы керек. Бұл үлкен бәскелестікті көрсетеді әрі мұғалім мәртебесінің қандай деңгейде екенін аңғартады. Бізде де осындай үлкен талаптар қою керек. Бұдан бөлек ұстаздардың цифрлық сауаттылығын ашу қажет. Компьютерлік бағдарламаларды қолдана білуі қажет. Оқулықтарды оңайлы түрде бір баспаға беріп, барлық мықты ғалымдарды шақырып жан-жақты көзқарасты қамтыған, әмбебап оқулық әр сабақтан жасалуы шарт. Оның ішінде ұлттық мүдде, ұлттық көзқарас бірінші орында тұруы қажет»,-деп түйіндеді сөзін Думан Қабдығалиев.

 

Другие новости

Back to top button