Культура

Мейрамбек Беспаев жаңа радио ашып, тұсаукесер тойын өткізді

Әнші Мейрамбек Беспаев жаңа радио ашқанын сүйіншіледі. Ол әріптестерінің басын қосып, думандатып, тұсаукесер тойын өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Бір ай бұрын әнші қазақ және орыс тілінде еркін сөйлейтін қыз-жігіттерді кастингке шақырып, радиожүргізушісі болғысы келетін талантты жастардың жолын ашамын деп уәде берген болатын.

“Кастингке 400-ге жуық қыз бен жігіт жиналды. Кіл жүйріктен 18 адамды іріктеп алдық. Олардың арасынан да ең мықтыларын таңдадық”, – дейді әнші.

Ойға алған жобасы сәтті шығып, Алматының қақ ортасындағы мейрамханада радионың тұсауын кесті. Әншінің командасын құттықтап келген өнер жұлдыздары әннен шашу шашты. Радионың атын қою белгілі ақын Қалқаман Сариннің еншісіне бұйырыпты.

“Мейрамбектің бастамасының болашағы жарқын болсын! Жас келсе – іске деген сөзді дәлелдеген жігіт. Біз де қартайып тұрған жоқпыз. Қыздай болып сахнада әлі жүрміз, жүре де береміз. Түрімізге сенбеңдер, көңіл жас. Радиоңда ән салып жүре берейік”, – деп құттықтады Мақпал Жүнісова.

Әншінің тілегінен кейін жанды дауыста Роза Рымбаева екеуі “Арыстың жағасында” әнін айтып берді.

Тұсаукесер тойы Мейрамбек Беспаевтың 47 жасқа толған туған күн кешіне жалғасты.

Другие новости

Back to top button