Медициналық картасын ашып қараған да жоқ»: Алматы облысында 3 жасар қыз ауруханада көз жұмды
Алматы облысының прокуратурасы 3-жасар қыздың өліміне қатысты тергеу бастады. Айя Әділбекова қазанның 6-нан 7-көз жұмған. Аймақтық клиникалық аурухананың дәрігерлері гемморрагиялық инсульт диагнозын қойған. Алайда туыстары баланың өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Анасы Әсел Даниярованың сөзінше, барлығы 4 қазанда басталған. Баласының қызуы аяқ-асты көтерілгенде Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасына жеткізілген. Бірақ баланы қараудың орнына үш күн кабинеттердің арасында сабылтып қойды, дейді. Кейін Іле ауданына қарасты Өтеген батыр кентіндегі ауруханаға апарыпты.
Қыз сол күні көз жұмған. Алайда арызданушы баласының өліміне алғашқы медициналық көмек көрсеткен Еңбекшіқазақ аудандық аурухана мамандарын кінәлап отыр.
«Келген кезде менен сараптама алған жоқ. Мына карта әлі менің қолымда, медициналық картаны ашып қараған жоқ. Осыны ашып қарағанда қызымды аман алып қалуға болар ма еді? Кінәларын мойындап тұр. Үндемейді. Жауаптарын өздеріңіз көріп тұрсыздар», – деді Есік қаласының тұрғыны Әсел Даниярова.
Әйел қызымен үйге оралған соң жағдайы одан әрі нашарлап, буындары ісіне бастағанын айтады. Ақ халаттылар рентгенография жүргізіп, сүйек зақымын анықтамаған.
“6 қазанда қызыммен бірге келдім. Сол кезде ғана сараптама жүргізіп, қанында тромбоциттердің 80-ге дейін төмендеп кеткенін анықтады. Негізі 160-180 аралығында болуы керек. Жедел жәрдемді күтсін, Өтеген батыр ауылына алып барамыз деді. Сол түні қызымнан айырылып қалдым”, – деп қосты Әсел Даниярова.
Тұрғын осы күнге дейін дәрігерлерден мардымды жауап ала алмағанын мәлімдеді.
«Анасы мен қызы бізге қабылдау бөліміне қаралған, түскені рас. Үш рет келіп қабылдау бөліміне түсті. Қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Одан кейін қорытындысын айтатын боламыз», – деді Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Әлия Омарбекова.
Ал қызын қараған медициналық қызметкерлер қазір жұмыстан шеттетілген. Мән-жайды аудандық прокуратура бақылауға алыпты.
«Біз сол арызды Алматы облыстық Медициналық фармацевтикалық бақылау департаментіне жолдадық. Мемлекеттік органмен тексеру жүргізіліп жатыр. Прокуратура органдарының қатаң бақылауында. Егер медициналық қызметкерлердің салғырттығы дәлелденсе ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес қатаң жазаға тартылады. Бес жылға дейін сотталуы мүмкін», – деді Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасының аға прокуроры Медет Қабылқайыров.