Главное

Медицинадағы жаңа кезең: жасанды интеллект науқастың сөзін тыңдап, диагноз ұсынады

Қазақстанда жасанды интеллект технологиясы түрлі салаларға белсенді түрде енгізіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің цифрландыру және озық технологияларды дамытуда үлкен әлеуеті бар екенін айтып, жасанды интеллектіні қолдану – Қазақстанның қарыштап дамуына негіз болуға тиіс екенін атаған болатын. Осы орайда елімізде ЖИ-ді дамыту мен енгізуге бағытталған нақты қадамдар қолға алынды.

Бұл бағытта жүзеге асып жатқан нақты жобалардың бірі – Ақмола облысында пилоттық режимде енгізілген «АИ-терапевт» жүйесі. Жаңа цифрлық шешім дәрігердің пациентпен әңгімесін нақты уақыт режимінде жазып алып, оны мәтінге айналдырып, алдын ала диагноздың бес нұсқасын ұсына алады. Жүйе Қазақстанда бекітілген клиникалық хаттамалар негізінде жұмыс істейді. Бұл жоба дәрігердің әкімшілік жүктемесін азайтып, медициналық көмек көрсету сапасын арттыруды мақсат етеді.

Көкшетау қаласындағы «Viamedis» клиникасында аталған жүйе екі ай бұрын іске қосылған. Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген клиника директоры Төлеген Есмағамбетовтің айтуынша, жоба аясында учаскелік терепевтер жұмыс істеп жатыр.

«Бұл жүйені дәрігер-хирург ойлап тапқан. Ол медициналық құжаттарды рәсімдеуге көп уақыт жұмсалып, пациентке жеткілікті назар аударылмай қалатынын байқаған. Сондықтан микрофон арқылы жұмыс істейтін көмекшіні жасап шықты», — дейді ол.

Жобаның ерекшелігі — ол нақты диагноз қоймайды, 80 пайыз дәлдікпен ықтимал нұсқаларды ұсынып, дәрігерге шешім қабылдауға көмектеседі. Мамандардың айтуынша, бұл әсіресе скрининг немесе бастапқы қабылдау кезінде өте пайдалы болып отыр. Бұған дейін науқастар дәрігердің компьютерге үңіліп, оларға көңіл бөлмейтінін жиі айтып шағымданатын. Енді «АИ-терапевт» сол олқылықтың орнын толтыруға сеп болмақ.

Төлеген Есмағамбетовтің сөзінше, «АИ-терапевтті» қолданудың еш қиындығы жоқ. Пациент келісім берген соң, микрофон арқылы әңгіме жазылып, автоматты түрде мәтінге айналады. Қазірдің өзінде ауруханаға келген 30-ға жуық адам жаңалыққа қуанып, оң пікір білдірген.

«Дәрігерлер мұндай технологияларға алғашында сақтықпен қарайды. Бірақ бұл жүйені жасаған маманның өзі әріптес дәрігер болғандықтан, оған бірден сенім артты. Мен өзім де қолданып көрдім, бұл өте ыңғайлы», – дейді клиника басшысы.

Оның айтуынша, дәрігердің күнделікті құжат рәсімдеуге жұмсайтын уақытын 40 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік беріп, жүктемені едәуір жеңілдетеді. Қазіргі таңда «АИ-терапевті» қолданып жатқан дәрігерлер нақты пікірлерін бөлісіп, жүйенің дамытуды қажет ететін қырларын айтып, кері байланыс беріп жатыр. Соның нәтижесінде жасанды интеллект құралына толықтырулар енгізіледі.

«Қазақстанда бүгінде ІТ саласында мықты жастар өсіп келе жатыр. Осындай нақты, медицинаға бағытталған жобалардың дамып жатқаны қуантады. Мен осындай азаматтармен мақтанамын», – деді Төлеген Есмағамбетов.

Жаңа жүйенің енгізілуі ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, дәрігерлердің қауіпсіздігі мен тиімділігін күшейтуге бағытталған шаралар кешенінің бір бөлігі болып саналады. Егер пилоттық жоба оң нәтиже беретін болса, болашақта медицина саласында кеңінен қолданысқа енгізілуі мүмкін.

Другие новости

Back to top button