Госорганы

Мәулен Әшімбаев шетел банктеріне қарыз қазақстандықтар статистикасын жүргізуді ұсынды

ЕАЭО-ның басқа елдерінде кредит алып, төлей алмай қалған қазақстандықтар не істеуі керек? Ел ішіндегі осындай проблемаларды шешу үшін жақында банкроттық туралы заң қабылданды. Ал шетелде алынған несиеге қатысты жағдайда қандай әрекет жасаймыз? Бүгін Мәулен Әшімбаев Сенатта Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) аясында кредиттік тарих бойынша мәліметтер алмасу туралы заңды қарау кезінде осындай мәселелерді көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Бұл мәселе қарызын төлей алмай қалатын борышкерлердің көбеюіне әкелмей ме? Біздің тұтынушылық несие талаптарын қатаңдатуға арналған заңнамамыз бен ЕАЭО елдеріндегі тиісті нормалар бірдей емес. Ол жерде мұндай жағдай барынша либералды болуы мүмкін. Жалпы, біз қанша азаматымыз немесе қазақстандық ұйым шетелден несие алғаны жөнінде статистика жүргізуіміз керек. Сол арқылы қанша азаматымыздың шетелдік несие мекемелеріне қарызы бар екенін білеміз. Қолымызда осындай статистика болуы керек. Ол мәліметтерді қажет жағдайда жұмысымызда қолдана аламыз», – деді М. Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы Қазақстанда азаматтарға борыштық жүктемені төмендету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл Сенаттың заңнамалық деңгейдегі қызметіндегі басым бағыттардың бірі екені де сөз болды.

«Экономикаға кредит бөлуді кеңейту және халықтың тұтынушылық бағыттағы несиесін азайту – стратегиялық міндет. Тұтынушылық несие кейінгі жылдары 2 есеге артып, 14 трлн теңгеден асқан. Осындай жағдайдың салдарынан елімізде несиелерін өтей алмай қалғандардың арта түскені байқалды. Сондықтан Президентіміздің бастамасымен «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заң қабылданды. Сол арқылы азаматтарымыздың борыштық жүктемесін азайту көзделіп отыр», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

Другие новости

Back to top button