Госорганы

Мәсімовтың мүлкінің жайы не болады — Ұлттық қауіпсіздік комитеті жауап берді

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев істі болған Кәрім Мәсімовтың мүлкіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

 

Бүгін Мәжілісте өткен баспасөз мәслихатында Марат Қалқабаев Кәрім Мәсімов туралы сұрақтарға жауап берді.

«Бұл сұрақтарды сотқа жолдау керек. Біз алдын ала тергеумен айналыстық, оны аяқтап, сотқа жібердік. Сот шешімін өздеріңіз білесіздер», — деді Марат Қалқабаев.

Сонымен қатар «оның мүлкін кім сатады» деген сұраққа ҰҚК төрағасының орынбасары бұл мәселемен сот орындаушылар айналысып жатыр деп жауап берді.

«Сот шешімінен кейін сот орындаушылары айналысады», — деп түсіндірді Марат Қалқабаев.

Ол құпия деректердің жарияланбайтынын алға тартып, істің басқа мәліметтерін айтудан бас тартты.

«Іс өте құпия, біз ештеңені жария ете алмаймыз», — деп қосты Марат Қалқабаев.

Еске салсақ, қаңтар оқиғасы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары тұтқындалған болатын. Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш қана (ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары) ұсталған жоқ. Тек қызметінен босатылды.

Жуырда сот үкімімен Мәсімов 18 жылға сотталды. Ол мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға оқталды және билік пен лауазымдық өкілеттікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Орынбасарлары болған Садықұлов, Ерғожин, Өсіповке де сот үкімі шықты. Сот істі «өте құпия» деген белгімен қарады.

Другие новости

Back to top button