Маса мен бүрге арқылы жұғады: Орал тұрғынының терісінен құрт шықты
Орал тұрғынының терісінен құрт шықты. Адамдарда өте сирек кездесетін дертті ол жануардан жұқтырған болуы мүмкін.
Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, «дирофиляриоз» дерті биыл бірінші рет анықталып отыр. Қатерлі ауруды жұқтырған науқасқа дереу операция жасалып, терідегі құрт сылынып алынған, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Бұған дейін бұл дертті әсіресе ит-мысық жұқтырса, соңғы жылдары адамдар арасында да тарала бастады дейді мамандар. Қанмен тарайтын инфекция көбіне маса мен бүрге секілді қансорғыш жәндіктер арқылы жұғады.
Дирофиляриозді жұқтырған жанның терісінің астында түйін пайда болады. Егер уақытылы емделмесе, ауру асқынуы мүмкін.
«Дирофиляриозды барлық жастағы адамдар жұқтыруы мүмкін. Дегенмен ит пен мысық өсірушілер, ашық су қоймалары жанында тұратын адамдар және табиғат аясына жиі шығатын адамдар үшін жұқтыру қаупі жоғары болады. Қатты қышып, ауырсыну сезімдері пайда болған жағдайда дереу дәрігерге қаралған жөн», — дейді БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айшат Ұзақбай.