«Мақсатты мектеп»: аяғы ауыр мұғалімдер мен директорлар неге тест тапсырмайды
«Мақсатты мектеп» жобасына қатысты әлеуметтік желіде ұстаздар жан айқайларын жазып жатыр. Мұғалімдер бұл жобаны кадрды алалау мен бөлуге теңеп отыр. Іске депутаттар да араласып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осыған дейін жұмыс чатында «министрліктің рұқсатымен 60 жасқа толған, жүкті, мүгедектігі бар мұғалімдер мен директорлар, оқу ісінің меңгерушісі тест тапсырмайтын болды» деген хабарламалар тараған. Оған мұғалімдер қарсылық білдіріп, бұл педагогикалық кадрды алалау деген пікірлерін айтты.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова да «Мақсатты мектеп» жобасына қатысты наразылығын ашық айтып жүр.
«Ұстаздарды қолдаудың орнына сабақпен қабаттастырып оқытып, артық жүктемемен қинап жатқан, не қаулысы, не бұйрығы жоқ, не педагогикалық қауымдастықпен жария талқыланбаған, мақсаты белгісіз «Мақсатты мектеп» жобасы тоқтасын. Ұстаздардың біліктілігін арттыру қажет, бірақ ол заңды және жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс. Егер бұл үдеріс заңсыз болса немесе қажетті жария талқылаулар мен ережелер сақталмаса, онда бұл білім сапасына және ұстаздардың кәсіби дамуына теріс әсер етеді. Әлеуметтік желілердегі ұстаздардың жанайқайы осының дәлелі», — дейді депутат.
Оның айтуынша, жобаны тиісті мемлекеттік органның бұйрығымен тоқтатуға болады.
«Мақсатты мектеп» жобасы ұстаздарды қолдаудың орнына артық жүктемемен қинап жатқандығы туралы ұстаздардың пікірлерін ескере келе, бұл жоба бойынша ашық қоғамдық талқылау өтпегендіктен және ресми шешім үкіметтің қаулысы немесе уәкілетті мемлекеттік орган бұйрығымен рәсімделмегендігін негізге ала отырып, жобаны тоқтату қажет», — дейді Сүлейменова.
Депутаттың пікірінше, егер тиісті заңнамалық рәсімдерден өтпесе және ұстаздарға қолдау көрсетудің орнына қиындықтар туғызса мұндай бастамалар қайта қаралуы тиіс.
«Жоба ресми мақұлданбаса, педагогикалық қауымдастықпен талқыланбаса және операторларға жұмсалатын қаражат нақты қаулы немесе бұйрықпен негізделмесе, жобаны жалғастыру қисынсыз», — дейді ол.