Маңғыстаудағы сарбаздың өлімі: марқұмның әкесі өзін-өзі өлтіремін деп қорқытты
19 жастағы мерзімді қызметтегі сарбаз Марат Барқұловтың әкесі Ербол Күнтінов соттың ашық өтуін және БАҚ өкілдерінің қатысуын талап етті. Сондай-ақ, ол адвокаттың болмауына байланысты өзінің өтінішін тыңдамаған судьяға қарсылық білдірді. Әділдік іздеген Ербол Күнтінов Президент әкімшілігіне барды, бірақ кейінірек ол жерден полицейлермен бірге шықты. Жағдайды Ulysmedia.kz тілшісі бақылады.
ОҚИҒА НЕДЕН БАСТАЛДЫ
Астанадағы әскери сотта 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Судья бастапқыда журналистерді сот залына кіргізбеді. Кейін БАҚ өкілдері залға кіргенде, ол айыпталушы – 25744 әскери бөлімінің зенитті-артиллериялық взвод командирі Дамир Досовтың адвокаттарын тыңдап, олардың сотты фото, видео және аудиожазбасыз өткізуді сұраған өтінішін қабылдады. Осыдан кейін марқұмның әкесі Ербол Күнтінов сөйлеп отырысты адвокаттың қатыспауына байланысты кейінге шегеруді сұрады. Барқұловтар отбасы соттың ашық өтуін қалаған. Алайда судья оған өз өтінішін толық жеткізуге мүмкіндік бермеді. Бұған наразы болған Ербол Күнтінов судьяға қарсылық білдірді, ал судья сот приставына оны залдан шығаруды бұйырды.
ОДАН КЕЙІН НЕ БОЛДЫ
Ербол Күнтінов сот приставымен залдан шығудан бас тартты.
– Сіздер көрдіңіздер ғой? Олар арандатып отыр. Айыпталушы тараптың өтініші қабылданды, біздікі неге тыңдалмайды? Бұл ең алдымен менің ұлыма қатысты іс. Мен заң бұзған жоқпын. “Судья ханым, менің өтінішімді неге тыңдамайсыз?” деп сұрадым. Маған “отырыңыз” деп қысқа қайырды. Мен шыдамай, орнымнан тұрып айттым. Ол приставқа мені залдан шығаруды бұйырды. Пристав мені қолымнан ұстап, 102-ні шақырды. Бұл қандай сот сонда? Ұлым ел алдындағы борышын өтеуге кеткені үшін бе? Әділдік қайда? Мен судьяға қарсылық білдіремін. Президент әкімшілігіне барамын. Сол жерде тамырымды, тамағымды кесемін! Судья мен үшін жауап береді, – деді ашынған Ербол Күнтінов.
Осы сәтте айыпталушы Дамир Досовты сот залына кіргізген конвой кері алып кетті. Сот отырысы тоқтатылды.
ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІНДЕ НЕ БОЛДЫ
Сот отырысында өтініші қабылданбаған соң, Ербол Күнтінов шарасыз қалды. Ulysmedia.kz тілшісінің айтуынша, жағдай кинодағыдай болып кеткен. Сот приставы шақырған полициядан қашқан Ербол Күнтінов Президент әкімшілігі ғимаратына жүгіріп барған. Ол жерде шамамен бір сағат болып, кездесуден кейін пікір білдірді.
– Президент әкімшілігінің өкілі Сапар Дәулетпаевпен кездестім. Ол маған заң бойынша түсіндірді. Судья мен прокурорға қарсылық білдіретін арыз жазуға болатынын айтты. Мен судьяның бізге неге әділетсіз шешім шығарғанын сұрадым. Бүгін мен арыз жазамын, неге бұлай болғанын анықтасын, – деді марқұм Марат Барқұловтың әкесі.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Президент әкімшілігі ғимаратына бірнеше полиция қызметкері, оның ішінде Есіл ауданы полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Азамат Садыков келді. Ол қысқа ғана жауап беріп, тек “алдын алу әңгімесін” жүргізуге келгенін айтты.
– Ешқандай пікір бере алмаймын. Оны ешқайда әкетпейміз. Әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Қылмыстық жауапкершілікке де тартылмайды. Біз тек осы азаматпен сөйлескіміз келді. Ол айтқан сөздеріне байланысты, әсіресе осында келіп, қандай да бір әрекет жасайтынын мәлімдегеніне байланысты, – деді Садыков.
Осыдан кейін Ербол Күнтінов заңға қайшы әрекет жасамағанын, бірақ болашақта мұндай әрекетке баруы мүмкін екенін мәлімдеді:
– Кез келген сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын. Мен заң бұзған жоқпын. Бірақ болашақта бұл заңға қайшы деп танылса, мен оны (суицид) жасаймын. Бұл – ішкі жанайқайым. Мен кімге жүгінерімді білмеймін. Көмектесе аласыздар ма? Әрине жоқ, – деді ол.
Осыдан кейін Ербол Күнтінов полицейлермен Есіл ауданы Полиция басқармасына жеткізілді.
Еске салайық, бүгін Астанадағы әскери сотта 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты алғашқы сот отырысы басталды. Сот отырысына қатысып жатқан Ulysmedia.kz тілшісінің хабарлауынша, сот процесі жанжал болған: журналистерді сот залына бірден кіргізбеген. Толығырақ осы тұста.