Маңғыстауда сарбаздарды соққыға жыққан аға сержант жазадан құтылып кетті
Маңғыстау облысында 25744 әскери бөлімінің 1-шабуылдау батальонының отпен қамтамасыз ету ротасының аға сержанты қол астындағыларды ұрғаны үшін сотқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Диапазон басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
27 жастағы аға сержант сарбаздардың жатын бөлмесіне кіріп, қатардағы үш жауынгердің басынан жұдырығымен ұрғаны белгілі болды. Ол қатардағы жауынгер казарма дәлізіне оның рұқсатынсыз шыққаны үшін ұрыпты. Ал тағы бір жағдайда ол шабуылдау батальонындағы қатардағы жауынгердің насыбай шегіп тұрғанын көріп қалған. Сол үшін әскерге шақырылған үш азаматтың бетінен ұрып, тағы екеуінің басына соққы берген.
Ол «Қызмет бабын асыра пайдалану» бабы бойынша сотқа тартылды. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындады, бірақ жәбірленушілердің арқасында жазадан құтылды. Соққыға жығылған алты әскери қызметкер оған ешқандай наразылығы жоқ екенін айтып, оны қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады.
27 жастағы Нияз тараптардың татуласуы бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.