Мал экспортына тыйым салу шаруаларды шаш етектен шығынға батырады – сарапшы
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде 10 миллион бас ірі қара бар
Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі қыркүйектің 6-нан бастап алты ай мерзімге мал экспортына тыйым салып отыр. Аталған шектеу отандық шаруаларды тығырыққа тіреуі мүмкін. Бұл жайлы Солтүстік Қазақстан облысында өткен мал өсірушілердің республикалық слетінде айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Теріскейде өткен малшылардың слетіне еліміздің түкпір-түкпірінен бес жүзден астам шаруа қатысып, саладағы жетістіктермен танысып, кемшін тұстарды сөз етті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде 10 миллион бас ірі қара бар екен. Соның 1 милионнан астамы асыл тұқымды болып есептеледі. Бұдан бөлек шаруашылықтарда 23 миллион қой бағылады. Қамбар ата тұқымы 4 миллионнан асады. Жиынға қатысқан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев соңғы уақытта мемлекет тарапынан бұл саланы қолдау көлемі артып келе жатқанын айтты.
«Елімізде мал шаруашылығы тұрақты түрде дамып келеді. Бұған мал және құс санының өскені ғана емес, олардың сапасының жақсарғаны да дәлел. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі де артып отыр. Еліміз сиыр, қой, жылқы етімен және жұмыртқамен өзін толық қамтамасыз ете алады. Тек құс етінің бір бөлігі ғана сырттан әкелінеді, алайда соңғы үш жылда импортқа тәуелділікті 51 пайыздан 35 пайызға дейін азайттық. Бұның бәрі мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың арқасы. Мәселен, соңғы бес жылда мал шаруашылығына берілетін субсидия 60 пайызға көбейіп, биыл 124,5 миллиард теңгені құрады», – деді Ербол Қарашөкеев.
Қызылжарда өткен мал өсірушілердің слетіне қатысушылар мемлекет тарапынан қолдау бар екенін жасырмайды, алайда кедергілер де жоқ емес. Мәселен, қыркүйек айының 6-нан бастап елімізден сыртқа мал сатуға тыйым салынбақ. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі, Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрінің 2022 жылғы 22 тамыздағы «Ауыл шаруашылығы жануарларын әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығында айтылған. «Қазақстан Республикасының аумағынан ірі қара малды, қой мен ешкіні тірідей шығаруға алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін» делінген құжатта.
«МАЛ АРЗАНДАП, ЖЕМ-ШӨП ҚЫМБАТТАП ЖАТЫР…»
«Ангус Қазақстан» республикалық палатасының директоры Дәурен Салықов аталған шектеу бұған дейін атқарылып келген қыруар жұмысты ары қарай жалғастыруға кедергі келтіретінін айтады. Мәселен, елімізде мал тұқымын асылдандыру үшін бұған дейін әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған бас түлік жеткізілді. Шаруалар сол шеттен әкелінген малдан төл алып, қазір эскпортқа шығаратындай жағдайға жетіп отыр.
«Қазір фермерге керегі не? Біріншіден, қолындағы артық малын жоғары бағаға сатуды көздейді. Өкінішке қарай, енді біз үшін шетелдің нарығы жабық. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл шектеу арқылы елімізде еттің бағасын арзандатуды көздеп отыр. Дегендеріне жетер, бірақ бұл уақытша ғана шара. Шаруашылықтар шаш етектен шығынға батады. Себебі, жемазық құны күн сайын көтеріліп жатыр. Соған сай малдың өзіндік құны да артатыны белгілі. Тиісті бағасына сата алмаған соң шаруашылықтардың дамуы да шектеледі. Бұған дейін жеткен жетістіктерден айырылып қалуымыз мүмкін», – дейді Дәурен Салықов.
Еліміздің Ет одағы мамандарының айтуынша, экспортқа шектеу қойып, ет бағасын қолдан төмендеткенмен, тірі малды импорттау құны өзгермейтіні белгілі. Бұл — нарық заңдылығын бұзады. Жалпы әлемдік тәжірибеге жүгінсек, шаруаның жұмысына мемлекет кедергі келтірмеуі тиіс. Мысалы, 10 миллион тұрғыны бар Чехияда 600 бастай ғана ірі қара бар екен. Бірақ малдың саны аз деп ешкім экспортқа шектеу қоймайды. Яғни, сұраныс артса мал саны азаймайды, керісінше оны көбейтіп, пайда табуға деген талпыныс пайда болатыны белгілі.
МАЛ КОНТРАБАНДАСЫ АРТУЫ МҮМКІН
«Ангус Қазақстан» республикалық палатасы еліміздегі асыл тұқымды ірі қара өсіретін фермерлердің басын қосқан қоғамдық ұйым саналады. Қазіргі таңда бұл ұйымның 156 мүшесі бар. Олардың шаруашылықтарында 194 мың бас Ангус тұқымды ірі қара өсіріледі. Бұл ұйымды 2016 жылдан бері басқарып келе жатқан Дәурен Салықов Қазақстанда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктері мол екенін айтады. Соның бір көрсеткіші ретінде фермердің Қызылжардағы малшылар слеті аясында ұйымдастырылған аукционда салмағы 1 тонна тартатын бұқасын сатқанын айтуға болады. Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында өсірілген бұқа 2 миллион 225 мың теңгеге өтті. Аукционға қасытушылардың айтуынша, елімізде бұған дейін мұндай бағаға бұқа сатылып көрмеген. Демек жаңа рекорд орнады десе де болады. Америкадан әкелінген бұқаның төлін Жамбыл облысынан келген шаруа сатып алды. Ол өз сөзінде өрістегі мал басын асылдандыруды көздейтінін айтты.
Министрліктің экспортқа шектеу қоюының тағы бір зиянды тұсы бар, ол – мал контрабандасы. Жақында елордада өткен жиында мұндай оқиғалар бұған дейін болғанын Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Ербол Есенеевтің өзі айтқан болатын. Шектеулерге қарамастан, кейбір өңірерде, соның ішінде Түркістан облысында ірі қара малды заңсыз экспорттаған жағдай тіркелген екен.