Мәжіліс «онлайн-платформалар және онлайн-жарнама» туралы заң жобасын Сенатқа жолдады
Заң жобасы 7 маусымда мақұлданған
«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2023 жылғы 7 маусымда Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.
«Заң жобасының басты мақсаты — онлайн-платформа және онлайн-жарнама мәселелерін құқықтық реттеу. Заң жобасы онлайн-платформалардың жұмысын Қазақстан Республикасының заң аясында жүйелендіріп, әлеуметтік желі қолданушыларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық айналымына енгізе отырып, осы саланы мемлекеттік реттеудің негіздерін қалыптастырады. Заңның міндеті — әлеуметтік желіде болып жататын буллинг, азаматтарды қорлау тәрізді келеңсіз фактілерден, қаржы пирамидаларынан Қазақстанның азаматтарын қорғай отырып, елімізде саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу.Аталған Заң жобасының басты новеллалары онлайн платформаларды реттеудің халықаралық стандарттарына сәйкес келеді», — деді Саиров.
Ол атағандай, заңды қабылдау жұмыс тобына Мәжіліс депутаттарымен қатар мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығы өкілдері, әлеуметтік желіні қолданушылар кірді.
«Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобаларына оң қорытындыларын берді. Жұмыс тобының 15 отырысы өткізілді, онда 130-ға жуық түзетуді қарады, басым көпшілігі заң баптарына енгізілді, Комитеттің кеңейтілген отырысы өтті. Қазақстан Республикасы «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарын қабылдауды және оны Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына жіберуді сұрайды», — деді Саиров.
Осылайша, заң жобалары Сенатқа жолданды.