ГлавноеПавлодарская область

Мәжіліс депутаты жылусыз қалған Екібастұз қаласынан тұрғындарды эвакуациялауды ұсынды

Мәжіліс депутаты Гүлнәр Бижанова Екібастұз қаласында жылусыз үйде тоңып отырған тұрғындарды эвакуациялауға шақырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 

«Екібастұзда күндер қатарынан тоңып отырған халық үшін өте өкінішті… Алла ешкімнің басына мұндай жағдай салмасын. Мүмкіндігінше адамдарды басқа елді мекендерге көшіру керек. Барлығы дұрысталғанға дейін. Мен өзім бір отбасыны қыс бойы ауыл жағдайына, жылы үйге апаруға дайынмын. Мүмкін біздің еріктілер назарын аударар? Мүмкін осындай көмек ұйымдастырармыз?», — деп жазады Бижанова әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске салайық, 27 қарашаға қараған түні Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы 30 градустық аязда жылу электр орталығындағы қазандықтардың тоқтап қалуына байланысты жылусыз қалған болатын. 28 қарашада Екібастұзда төтенше жағдай режимі енгізілді. Дәл осы күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған.

Кейіннен жылу электр орталығындағы апатқа қатысты тергеу басталғаны белгілі болды. Апатты жою үшін Астана мен тағы үш қаладан мамандарды жіберу туралы шешім қабылданды. Премьер-министр Әлихан Смайылов осы апатқа байланысты Қазақстан өңірлеріндегі энергетика нысандарына толық техникалық аудит жүргізуді тапсырды.

30 қарашада мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Александр Клебановтың Екібастұз жылу-электр орталығын 1 теңгеге мемлекетке сатуға әзір екенін мәлімдеген.

“Ол нысанды мемлекет меншігіне 1 теңгеге беруге дайын екенін мәлімдеді. Біз бұлай болмайтынын айттық. Нысанды меншігіне алған кездегі тозу деңгейі мен қазіргі тозу деңгейін салыстырып, айырмашылықты төлеу керегін жеткіздік. Екіншіден, ол Екібастұз тұрғындарына моральдық өтемақы төлеуі керек», – деген ол.

Сол күні Екібастұз қаласының жылу-электр орталығында (ЖЭС)болған апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Павлодар облысы прокурорының жеке бақылауына алынған.

Сонымен қоса премьер-министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұз тұрғындарына келтірілген шығындарды Орталық-Азия Электроэнергетикалық корпорациясының иелері төлейтінін айтқан.

1 желтоқсанда Роман Скляр Екібастұзда болған ірі коммуналдық апаттың алдын ала себебін атаған. Ол  жылу желілерінің бұзылуына станция қызметкерлерінің қате әрекеті себеп болғанын айтқан еді.

Другие новости

Back to top button