Госорганы

Мәжіліс ақпараттық қауіпсіздік жайлы заң жобасын мақұлдады

Заң жобасы аясында қазақстандықтардың жеке деректері қорғалады

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жайлы баяндады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Заң жобасы ақпаратты, оның ішінде дербес деректерді қорғаудың құқықтық базасын қалыптастыруға арналған жұмыстың жалғасы болып табылады. Заң жобасы үш блоктан тұрады.Бірінші блок жеке деректерді қорғаудың қосымша шараларына арналған. Заң жобасында дербес деректердің айналымы және сақталуы саласында мемлекеттік бақылау енгізіледі. Заң жобасының нормасы операторлармен профилактикалық жұмысты да жолға қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заң жобасына сәйкес әрбір оператор реттеушіге дербес деректердің ағып кеткені туралы хабарлауы тиіс. Ақпарат ағып кету анықталған сәттен бастап үш күн ішінде берілуі керек», — деді Смышляева.

Оның айтуынша, заң жобасының екінші блогы «ақ хакерлер» институтын және бак-баунти платформасының қазақстандық аналогы жұмысын құқықтық реттеуді ұсынады.

«Бұл шара ақпараттық жүйе зерттеушілерін ақпараттық жүйе қателіктері мен осалдықтарын анықтауға тартуға ықпал етеді.Басқарылатын хакерлік бұзу тапсырыс иелерінен келеді, қатынастар арнайы платформалар арқылы ресми түрде жасалады. Барлық жұмыстар заң шеңберінде жүргізіледі. Әлемде мұндай платформалар ақпараттық қауіпсіздік бойынша үздік мамандарды тартады. Заң жобасының үшінші блогы мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілеріне ғана қызмет көрсететін мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік орталығын құруға арналған», — деді ол.

Депутат атағандай, бүгінгі таңда үш жүз елуге жуық мемлекеттік ақпараттандыру нысандары жұмыс істейді.

«Орталық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік техникалық қызметі жанында жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа, мемлекеттік техникалық қызмет базасында бағдарламалық қамтамасыз етудің бастапқы кодтары репозиторийі құрылатын болады. Онда электрондық үкіметтің бағдарламалық өнімдерінің бастапқы кодтары сақталады. Бұл олардың нұсқаларын басқаруды қамтамасыз етеді. Осылайша, ұсынылып отырған шаралар кешені мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің қауіпсіздігін күшейтеді. Жалпы электрондық үкіметтің тұрақтылығын арттырады», — деді ол.

Өз кезегінде Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов аталған заң жобасы өте маңызды екенін айтып өтті.

«Заң жобасының маңызды екенін қызу талқылаудан көрініп отыр. Қоғамда да үлкен қызығушылық бар. Сондықтан бүгін айтылған пікірлерді комитеттер назарға алуы керек. Министрліктер де оны пысықтауы керек», — деді ол.

Заң жобасын депуттар бірінші оқылымда қолдады.

Другие новости

Back to top button