Майқайың кенішінде мерт болған құтқарушының отбасы асыраушысыз қалды
Майқайың кенішінде қаза тапқан құтқарушы Бердіқан Сарқыттың жақындары күн көріссіз қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бердіқан Сарқыт отбасымен оңтүстіктен қоныс аудару бағдарламасы бойынша Павлодар облысына көшіп келген. Енді олар қайтып орала алмайды, себебі заң бойынша олар облыста бес жыл тұрады немесе мемлекетке барлық төлемдер мен субсидияларды қайтаруы керек.
Сарқыт Қазанғаптың жалғыз ұлы Майқайыңдағы алтын өндіру кәсіпорнында екі ай ғана еңбек етті. Қаңтарда Бердіқан Сарқыт өзге құтқарушылармен бірге автобуста шахтаға құлап, мерт болды. Ол 24 жаста еді. Ер адамның ата-анасы денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайды, олар екі оқушы қыз тәрбиелеп отыр. Бердіқан отбасының жалғыз өзі асыраушысы еді, енді отбасы күнін әзер көріп жүр. Олардың Жетісу өңіріне оралудан басқа амалы жоқ.
“Туған жерімізде туыстарымыз бар. Олар көмектеседі. Жақындарымызбен бірге болғымыз келеді. Бұрын ұлымызбен бірге болдық, ол мерт болғаннан кейін басқа сүйенетін ешкіміміз жоқ”, – деді марқұмның әкесі Сарқыт Қазанғап.
Оңтүстік өңірлерден Майқайың ауылы мен көрші ауылдарға жүзге жуық отбасы қоныс аударып, оның он шақтысы елге оралды. Енді Қазанғаптар отбасы да қайтуға ниетті. Қазанғаптар отбасысының жағдайын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы біледі. Олар марқұм құтқарушының отбасы көмексіз қалмайды деп уәде беріп отыр.
Жұмыспен қамту өкілі Оңтүстіктен келгендер қайтадан өз жеріне кетіп жатыр дейді.
“Оның басты себебі – отбасылық себептер, климаттық жағдайлар, жалақының көңіл көншітпейтін тұстары да бар. Егер адамдар лайықты жұмыс таба алмаса, қайта даярлаудан өтіп, жаңа мамандықтарды игеріп, біліктілігін өзгертіп, жұмыс таба алады”, – деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жандос Мүкенов.
Өткен жылы Павлодар облысына 2380 адам көшіп келсе, оның 234-і оралды. Сонымен бірге қоныстанушылар мемлекетке барлық қаражатты қайтарды. Елдің солтүстік өңірлеріне қоныс аудару бағдарламасына қарамастан, халық саны азайып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында – 22%, Павлодар облысында – 6%, ал Қостанай облысында – 8% азайды.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облысындағы Майқайың кеніші маңында құтқарушылар мінген автобус шұңқырға түсіп кеткені туралы жазған едік. Екі адамның денесі табылды. Сот «Майқайың-алтынды» кінәлі деп таныды.