Культура

«Махаббат жасқа қарамайды»: Танымал актриса Гүлбаһрам Байбосынова жеке өмірі туралы құпияның бетін ашты

Теарт және кино әртісі Гүлбаһрам Байбосынова жақында Instagram желісінде сүйіктісінің суретін жариялап, елді қызықтырып қойды. Ару жүрегін жаулаған азаматтың кім екенін және шығармашылығында қандай жаңалықтар барын Stan.kz тілшісіне баяндады. 

– Instagram парақшаңызға сүйіктіңіздің суретін жариялаған екенсіз… 

– Негізі мен жеке өмірімді жарияламаймын. Бірақ көпшілік жеке өмірім туралы көп сұрайды. Сондықтан шет жағасын көрсетіп қояйын дедім. Жігітім бар. Ал той мәселесі әзірге белгісіз. Алайда жоспарда бар.

– Көбіне өнер адамдары сүйіктілерін көз тиеді, сөз тиеді деп көрсетуге үрейленіп жатады ғой. Сізде мұндай қорқыныш болмады ма?

– Жоқ, ондай қорқыныш жоқ. Алайда тіл-көз деген бар. Бәрін Аллаға аманаттап қойдым. Жігітімді жасырып жүре бергім келмеді. Көпшіліктің білгенін қаладым.

– Жігітіңізбен қалай таныстыңыз?

– Оқырмандардың кейбірі тануы мүмкін. Әсіресе, театрға жиі келетіндерге, өнерді сүйетіндерге таныс адам. Өнерде, театрда бірге жүрген өзімнің әріптесім. Таңнан кешке дейін театрда, одан қалды түсірілім алаңында жүреміз. Көзімізді ашсақ та, жұмсақ та өнер саласының адамдарымен жолығамыз. Алыстағы емес, өзіміздің ортамыздағы азаматқа таңдауым түсті. Ең бастысы – бақыттымын.

– Жас айырмашылығы қанша?

– Оны айтпаймын. Бұл құпия. Оны кейін айта жатармыз.

– “Махаббат жасқа қарамайды” деген қағидаға қаншалықты сүйенесіз?

– Ол адамға байланысты сияқты. Өйткені бес саусақ бірдей емес. Расында махаббат жасқа қарамайды. Менің болашақ жарым өз парақшасында махаббатты сипаттап, болашақта “Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен Хадиша анамыздан үлгі алып, бір-бірімізге адал болайық” деген сияқты күшті пост жазды. Менде қыз бен жігіттің арасындағы ең басты дүние ол — сыйластық деп білемін. Сыйластық болса, махаббат та болады. Жалпы өз басым “жігіт үлкен болу керек немесе құрдас болу керек” деген принципке аса мән бермеймін.

– Ел ішінде “театр әртістері қиялға жақын болып келеді” деген жорамал бар. Келісесіз бе?

– Бұдан бір жыл бұрын мен бұған келіспейтінмін. Ойнайсың, шығасың, қайдағы қиял деп ойлайтынмын. Алайда шынымен актер деген қиялға жақын болады екен. Менің ойымша өнер адамдарының барлығы сондай болады. Қиял деген жаман немесе төмендету мақсатында емес. Өзінің әлемі бар деген сөз. Мысалы, мен спектакль аяқталған соң гримеркада кемінде 10-15 минут отырып қаламын. Жаңағы спектакльды басынан бастап қайтадан миымда, ойымда ойнап шығамын. Образға еніп, соны барынша көрерменге шынайы жеткізу оңай емес. Нағыз актер әр рөлді жүрегімен қабылдап, тұла бойына толық өткізіп, сезінеді. Әйтеуір жүгіріп шығып ойнай салу деген театрда мүмкін емес. Бұл жақта дубль жоқ. Сол себепті де өзгелерге қияли болып көрінетін шығармыз.

– «Рөлдегі оқиғалар актер өмірінде қайталанады» дегенге сенесіз бе?

– Ол жағын мен нақты білмеймін. Дегенмен ой жүйрік қой. “Ой барған жерге қол барады” деген сөз бар. Рөлдегі негативті өз өміріңізге елестетіп көруге болмайды деп ойлаймын. Түпкісанаға жамандықтың сигналы бармау керек.  Жалпы әртүрлі рөлдерді сомдап жатырмыз ғой. Өмірімде ондай болған емес. Болмай-ақ та қойсын.

– Күйзеліске жиі берілесіз бе?

– Иә, жиі демесем де болып тұрады. Күйзеліс деген сөзді көп айтамыз. Негізі ол кәдімгідей ауру. Депрессия созылмалы және жай деген екі түрге бөлінеді. Оны психологтар емес, психосамотик мамандар емдейді. Ал менде кейде “выгороние” болып тұрады. Ешкіммен сөйлескім келмей, ешкімге жауап бергім келмейді. Ештеңе қызық емес. Бұл енді шығармашылық тоқырау, шығармашылық депрессия деп білемін. Актер сахнаға шықпаса, рөл ойнамаса, аш болады. Өзі іздеген рөлдер кездеспейтін немесе тіпті сәті түспей қалатын кез болады. Сол кезде шығармашылық депрессияға тап боламыз. Жеке өміріме байланысты да депрессияға түскен кездерім болған. Біз енді таңнан кешке дейін театрда жүрдік. Жеке өмірге уақыт та болған жоқ. Сол кездері “Қашан менің жігітім болады? Қашан  мен тұрмыс құрамын?” деген сұрақтар іштей мазалайтын. Кәдімгідей уайымға салынып, жатып қалатын кездер болатын. Неше түрлі депрессиядан өттік қой. Аллаға шүкір қазір бәрі жақсы.

– Күйзелістен шығу үшін өзіңіз қандай әдістер қолданасыз?

– Күйзелістен шығу үшін мен психологпен жұмыс жасадым. Тура карантин кезі еді. Ол серік қосу емес. Сұхбаттасамыз, маман сенің минустарыңды айтады. Минустарыңмен жұмыс істеуді үйретеді. Бағыт-бағдар көрсетеді. Өнер адамы іштей сынбауы керек. Ішкі мінез сынса әртіс тез өшеді.

– Психологпен көбіне қаржылай бағытта жұмыс істеп жатады. Өзіңіз осындай бағытта жұмыс істеп көрдіңіз бе?

– Қазір психолог пен коучтар көп. Ақша бағытымен жұмыс істеп жүргендер көп. Себебі адамдардың басты проблемасы мен сұранысы ақшаға тікелей байланысты екенін жақсы біледі. Менің ойымша ол дұрыс емес деп ойлаймын. Кез-келген психологқа баруға болмайды. Мен өзіме психологты ұзақ іздедім. Зерттедім. Психологым 50-ден асқан тәжірбиелі кәсіби психолог маманы. Өзіммен құрдас мамандармен жұмыс істей алмаймын. Бір қызығы қоғамда мынадай “психолог-сымақтар” өте көп. Өзі ажырасады, өзінің мәселелерін шешу үшін психологқа барады. Кейін содан үйренгенін, көргенін айтып, болмаса 2-3 апта курс оқып алып өзін “коуч-психологпын” деп таныстырады. Бұл дұрыс емес қой.

– Сөз соңында сіздің актриса ретінде талаптарыңыз қандай екенін білсек? 

– Мен ашық-шашық, сүйісу, төсектегі сахналарды мүлдем сомдамаймын.

– Ал сіз сұраған гонорарды төлемесе ше…

– Қатып қалған гонорар жоқ. Келісуге болады. Алайда түсірілім барысында біздің энергиямыз, уақытымыз, денсаулығымыз кетеді. 100% рөлді сезініп ойнау үшін мотивациямыз жақсы деңгейде болуы керек және еңбекақымыз да соған сай болу керек. Бұл – біздің жұмысымыз, біздің нанымыз. Неге алмасқа? Әрине, келісетін кез болады. Көңіліне қарап отырамыз. Бір шетінен олай да болмайды. Негізі гонарарға қараймын. Соншалықьы бір керемет қымбат деп айтпаймын. Біздің Қазақстанға келетіндей.

– Ең көп алған гонарарыңыз қанша?

– Нақты есімде жоқ. Бір телехикаядан 5 000 000 тг көлемінде гонорар алдым. Әзірге, сол ең үлкен гонорарым шығар.

 

Другие новости

Back to top button