ЛГБТ насихаттың 73 пайызы әлеуметтік желіден тарап жатыр — Еділ Жаңбыршин

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ насихат қоғамға, оның ішінде жас буынға кері әсер етеді деп есептейді.
— Былтыр ЛГБТ насихатына қарсы петицияға аз уақыттың ішінде 50 мыңнан астам адам қол қойды. Комиссия отырысында біраз мәселе көтеріліп, дискуссия болды, онда барлық тарап қатысты. Сол жерде Мәжіліс депутаттары ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу жөнінде ұсыныс жасадық, бірнеше рет депутаттық сауал жолданды. Былтыр комиссия отырысының қорытындысы бойынша осы бағытты зерттеу жөнінде шешім қабылданды. Бір жыл бойы сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар, қор өкілдері зерттеу жүргізіп бүгін соның қорытындысын ортаға салып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, үш аспектіні атаған жөн. Біріншіден, насихат балалар мен жасөспірімдерге қалай әсер етеді? Толық қалыптаспаған жасөспірімнің психологиясына, эмоциясына, ішкі мазасыздық пен толғанысына ЛГБТ насихаттың кері әсер ететіні анықталды, — деді Еділ Жаңбыршин БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Сондай-ақ халық қалаулысы ЛГБТ насихаттың қайда жүріп жатқанын сөз етті.
— Ақпараттың 73% әлеуметтік желілердегі контенттен алады екен, яғни әлеуметтік желі насихатқа жол ашып отыр. Екінші орында бұқаралық ақпарат құралдарында 1550 материал шыққан, бұл өте көп. Бұны ақпараттық шабуыл деп айтуға болады. Үшінші жайт, былтыр комиссия отырысында бұл адамның құқығы деген мәселе айтылды. Женева конвенциясының отбасылық құндылық, әйелдердің денсаулығына қатысты декларациясы бар. АҚШ сол құжатқа сүйеніп, ЛГБТ-ға тыйым салу жөнінде заң қабылдады. Адамдардың құқығы қорғалуы керек, неге біз көпшіліктің емес азшылықтың құқығын қорғауымыз керек? Тағы бір жайт, бұл өте жеке мәселе, оны жарияға жар салудың қажеті жоқ, — дейді ол.
Оның айтуынша, зерттеу нәтижесі бойынша негіз пайда болды.
— Заңды қабылдау кезінде бұл норма керек пе, керек емес пе дәлелдеуіміз керек. Бұл норманың қандай әлеуметтік-саяси маңызы бар? Бүгін зерттеу нәтижесін көріп отырмыз, ЛГБТ насихат қоғамға, оның ішінде жастарға кері әсер етеді. Біздің рухани бірлігімізге, мемлекеттік қауіпсіздігімізге қауіпті деп есептейміз. Демографиялық өсімге де кері әсер етуі мүмкін. Біз балалар мен жасөспірімдерді ЛГБТ насихатынан қорғауымыз керек, — деп түсіндірді депутат.
Айта кетейік, бүгін елордада ЛГБТ насихаттың балалар мен жасөспірімдерге әсерін зерттеу нәтижесі талқыланды. Аталған шараға сарапшылар, ғалымдар, мемлекеттік органдар өкілдері, депутаттар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.
Бұған дейін Қазақстанда ЛГБТ насихатқа қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынысы туралы жазған едік.
Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында ЛГБТ-ға қатысты пайым айтты.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бұған дейін ЛГБТ өкілдерін жазалау мәселесін көтерген еді.
Еске салайық, былтыр 1 тамызда «Қазақстан Республикасында ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға қарсымыз!» петициясы бойынша шешім жобасына жария талқылау өтті.