Күзгі егін орағына қанша дизель отыны бөлінді

Күзгі егін орағы науқанын жанармаймен қамтамасыз етуге дайындық қалай жүріп жатыр. Бұл сұраққа Энергетика министрлігі жауап берді.
— Ауыл шаруашылығы министрлігі (АШМ) жыл сайын облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп республиканың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мұнай өнімдеріне қажеттілік көлемін айқындайды. Аталған ведомство фермерлерге күзгі екін орағы жұмыстарын жүргізуге дизель отынын жеткізу көлемі туралы Энергетика министрлігіне ұсыныстар енгізеді. Биылғы маусымда Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері 2025 жылғы 1 шілде мен 1 қараша аралығында «Күзгі дала жұмыстарына 403 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесін» бекітті, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Энергетика министрлігі ақпаратына қарағанда, межелі станцияға дейін тасымалдау шығындарын ескере отырып, бағасы ҚҚС-пен литріне 232 теңге, бұл сома 27 пайызға төмен (тамыз айында жанармай құю станциясына ең жоғары баға — 319 теңге/литр).
Еске салсақ, Энергетика министрлігі биыл көктемгі егіс науқанына 401 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылдың басында жанар-жағармайдың бөлшек және көтерме бағасына қойылып жүрген шекті межені алып тастау туралы шешім қабылданған еді.
Дереккөз: https://kaz.inform.kz/