Интервью

«Күніне 100 мың теңге жаудыратын дұға бар ма?» — жастардың басты сұрағы осы

Нұрлан Асанов - Имам

Имам, дінтанушы Нұрлан Асановты көпшілік, әсіресе жастар әлеуметтік желі арқылы жақсы таниды. Желіде «Хит имам» деген атқа ие болған ұстаз ерекше стиль, заманауи сөз саптауымен танымал. Имамның эфирін жібермей көретіндердің қатары аз емес. Azattyq Ruhy тілшісімен болған сұхбатта дін маманы имамдардың желідегі белсенділігі, TikTok-тың жастарға әсері, өзіне қойылатын сан алуан сұрақтар мен қазақы тәрбие жайында айтып берді.

– Нұрлан ұстаз, әлеуметтік желіде жүргізген әр эфиріңіз жұрт арасында қызу талқыланады. Мұндай танымалдылыққа не ықпал етті?

– Әр нәрсеге бір нәрсе себеп демекші, бұған әлеуметтік желілердің ішінде қазақ жастарының делебесін қоздырған TikTok қосымшасы ықпал етті десем болады. Мен де ұл-қыз өсіріп отырған ата-анамын. Олардың тәрбиесіне екі дүниеде де жауапты болғандықтан, күн сайын кешкі дастархан басында олармен әңгімелесемін. Себебі олардың күні бойы мектептен, көшеден, желіден көрген-білгендерін тыңдап, санасына жиған-тергендерін бақылап отыру бүгінгі ата-ана үшін аса қажет. Осындай кештердің бірінде есейіп қалған балаларым TikTok желісінің қарқынды таралып жатқанын айтты әрі оның ішкі дүниесімен таныстырып шықты. Бұдан бір көргенде желінің адамды елітіп алатынын әрі жастардың қызығушылығын байқадым. Бұл маған үлкен ой салды, ал балаларыма көп әуестенбеуін ескерттім. Қарқынды желіні қалай қолдану туралы ой мені екі-үш күн мазалады.

Сол арада ҚМДБ бұл желіге теріс көзқарасын білдірді. Тек мынаны түсінгім келді, мәселен TikTok желісін харам дегенді құптадық делік. Ал қоғам ше, қабылдады ма бұл шешімді, одан елімізде халал көбейді ме? Сол желіден бас тартқан жастарымыздың қатарын әліге дейін көрмедім. Керісінше күн сайын саны артып, жастардан қалыспай, ересек адамдар да трендте жүр. Харам сөзімен жастарды құтқара алмаймыз. Сондықтан желіде тікелей эфир ұйымдастыра бастадым. Басында «Сізге не жоқ, TikTok харам, жастардың арасында не істеп жүрсіз?» деген сансыз сындарды басымнан өткердім. Тіпті сол кездері «TikTok молда» деп, сыртымнан мысқылдап күлген әріптестерімнің өздері қазір сол желіде жүр.

Эфир барысында жастар маған харам деген ҚМДБ шешімін алдыма тартқан кезде, харамның не екенін әрі бұл тек әлеуметтік желі, оны қалай қолдансаң, солай дамытасың деген уәжімді айтқанмын. Сондай барып жастардың көбісі харам мен халалды түсініп, желіні дұрыс қолдана бастады.

– Жалпы дінтанушы, имамдардың желідегі белсендігі қаншалықты қажет?

– Алладан адамзатқа берілген үлкен сый – ол дін. Оның парқын көпшілік әлі де түсінбей келеді. Тіпті, кейінгі уақытта дінге ашықтан ашық қарсы шығып, атеистпін деушілер немесе қазақпыз деп тәңіршілдікпен ұлтымыз бен болмысымызға жат ағымдар мен адасқандардың қатары көбейді. Бұған кімдер кінәлі, не себеп? Дегенмен айналып келгенде мұны 30 жылдың нәтижесі деп қабылдадым, яғни бұл дінді тек мешіт төңірегінде ғана насихаттаудың көрсеткіші. Біздің де қателігіміз бар, оны мойындау керек. Әлеуметтік желіге алғаш бастап шығуымның себебі де осы, яғни жоғарыдағы сұраққа деген толғанысым итеріп алып шықты. Тағы бір себеп – ол бүкіл әлемдік пандемия. Әрбір істің хайыры бар дегендей, пандемия бізге көп нәрсені үйретті, көп нәрседен тыйды. Солардың ішінде мен үшін осы желіге телмірген жандарды дінмен қамтамасыз ету болды. Жолынан адасып, халқымыз рухани құрдымға кетпесін десек, дінімізді кеңінен насихаттауды қажет деп білемін.

– Сұраққа жауап беру стиліңіз ерекше екенін жұрт жиі жазып жатады. Көбіне заманауи тілде жеткізуге тырысасыз. Бұл әлеуметтік желіде жұмыс істеу әдісіңіз бе, әлде қалай?

– Осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік желілерге зерттеу жүргіздім. Сол кезде білгенім Instagram желісін салмақты, сабырлы, ересек адамдар қолданса, TikTok жастарды, кейіннен үлкендерді де жаулап алды. Желідегілердің жүрегіне жол табу әлбетте ерекше тәсілді талап етеді. Бір аңғарғаным, мешітте айтылатын уағыз-насихат стилі бұл жерге жүрмейді, адамдардың санасына ауырлық түсірмеу және ойды бірер минутқа ғана шақтау.

Желіні көбіне, жұмысы жоқтар, жалқау, еріншек, қолы бос немесе ісін дөңгелетіп отырғандар, өзін-өзі дамытушылар, алға қадам басушылар пайдаланады. TikTok желісіндегі парақшамның атауы «ozinditany». Насихатымнан кез келген адам өзін тауып, танып, дамытқанын қалаймын. Сұрақтарға өз тілінде, заманауи нақышта жауап беруімнің себебі де осы. Мұны әдіс ретінде қарастырамын.

– Сізге түрлі бағытта сұрақ қоятындар өте көп. Кейбірі жеке басындағы қиындықты айтса, енді бірі ішіп-жеуге болатын тағам түрлерін сұрайды. Қарапайым халықтың діни біліміне қандай баға бересіз?

– Білесіз бе, эфирімде дінге талпынған 10 жастағы баладан бастап алпыстан асқан қарт аналар да, күйзелісте жүрген келіндер де, тәлкекке түскен ерлер де, мүмкіндігі шектеулі жандар да отырады. Түрлі сұрақтар қойылса ол түрлі тағдыр, түрлі сана, түрлі деңгей мен түрлі адамдар деп білу керек. Мен олардың ешбірін бөліп-жармай қабылдаймын. Мүмкін сіз айтқандай, ішіп-жеміне де ақылшы керек шығар. Экранның бергі жағынан арғы жақтағы тағдырға көмегім тисін деген ниетім сұрақтарды бәрібір қалыс жібермей тұрады. Мұсылман мұсылманның айнасы дегендей, эфирдің пайдасы – біреудің басындағы қайғы өзгелерге сабақ, сұрақтарына жауап болады. Әзіл іздеген әзілін, күлкі іздеген күлкісін алып жатады. Ал діни білім әрдайым қажет.

– Жастар қандай бағыттағы сұрақтарды жиі қояды?

– Жастардің көбі хайырлы жар таңдау мен ата-аналарына деген өкпе-реніштерін, наразылықтарын жиі айтады. Әсіресе, үйленер кезде және үйленгеннен кейін ата-ананың түсінбеуі, үйде берекенің болмауы, мейірімсіз, қатігез ата-ана, орамал мен намаз оқуға қарсы болу, әкелердің арақ ішіп ойран салып, аналарын көзінше ұруы, бітпейтін ұрыс-керіс, ажырасулар мен ақша мәселесі. Эфирде қойылатын сұрақтардан есімде қалғаны: «Күніне жүз мың теңге жаудыратын дұға бар ма?», «Шәкеңдер түске енсе не болады?», «Протез тіспен намаз оқуға бола ма?», «Дикий қабанды жеуге бола ма?» деген сыңайдағы сұрақтар. Сондай-ақ жанға жара салған жағдайлар да, тіпті естіген кезде жауап беруге қиналған сәттерім де көп болды. Мәселен жүрек тұсынан керзі етікпен тепкен әкесіне күйінген қыздың боздағаны әлі есімде, жұбата алмадым. Араққа тойып алған атасының ісіне булыққан келіннің өксігін тоқтата алмадым, күдікке ілінген күйеудің көгілдір болып шыққанына көп ойландым.

Баланы өз заманымен тәрбиеле деген жақсы бір сөз бар. Ата-ананың бар міндеті – баланы даңғыл жолға даярлау, яғни қиындықтардан қашуға емес, жеңуге тәрбиелеу. Сонда бала өз заманын мықтап құрайды. Өкінішке қарай, бүгінгі ата-аналар ондай емес. Бүгінгі ата-ананың киген киімі, айтатыны – дініне қарсы әрі оны заманауи үлгі дейді.

Ал жастарға көңілім толады, кейде жаным да ашиды. Себебі олар уақыт ағынына ілесе алады, ақ пен қараны тез ажыратады. Алдынан шығатын кез келген мүмкіндікті жібермейді, Алланы таниды және оған деген махаббаты теңіздей. Бір сөзбен айтқанда, қазақ жастары заманнан қалыспай келеді. Мешіттегі сапты толтыратын – жастар. Сондықтан атадан қалған дәстүрді дәріптеп, қазақылық мінез танытып, оқыған намазымызбен ұрпаққа үлгі болуымыз керек деп ойлаймын.

– Қазір байқасаңыз, желіде өнер адамдары, спортшылар және өзге де салада жүргендер дін маманы болмаса да парақшасында сүрелер мен арабша сөздері қолдану арқылы түрлі тақырыпта ұзақ посттар жазады. Сіздің ойыңызша аудиториясына дінді өз бетінше насихаттау қаншалықты дұрыс?

– Біздің қазақ тез еліктейді. Алайда еліктеу басқа, еліктіру басқа. Сіз айтқан діннен жырақ жүрген басқа тұлғалардың сүре қолдануы осы еліктіруге жататын болар. Бір ойды бір оймен көркемдеп, ғибрат ретінде дінмен әспеттеу арқылы тыңдарманын еліктіргісі келер бәлкім. Түпкі ой маған белгісіз болғандықтан, бұл жерде нақты ешнәрсе айта алмаймын. Бір айтарым, оқырмандарын адастырмағаны абзал. Себебі егінші егінімен, тігінші тігінімен айналысқандай, дінді халыққа дін маманы жеткізгені әбден дұрыс. Ал өз бетінше дінді тікелей насихат етуіне өз басым қарсымын. Себебі, дін – ол ғылым. Оның сырын кез келген адам ашып бере алмайды. Бір сүрені білген адам діндар бола алмайды. Сондықтан әркім өз ісімен шұғылдануы тиіс.

– Өзіңіз психолог маманысыз. Дін мен психологияның қандай ортақ тұстары бар?

– Бұл жерде мынаны білу керек, психология – адамдікі, дін – Алланікі. Екеуін салыстыруға да, қатар қоюға да келмейді. Дін – қуатты алып күш, онда Алланың құдіреті бар, онда пайғамбарлардың жолы, екі дүниенің заңдылығы, жан мен рухтың емі, қияметке дейін өзгертілмейтін Құраны бар. Адамзатқа Жаратушының ілімінен артық психология, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардан артық психолог, ақыреттен артық мотивация, зікірден артық аффирмация, дұғадан артық орнығу жоқ екенін түсінуіміз керек.

– Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Другие новости

Back to top button