Главное
«Күні-түні ұшатын»: жерлестері Сорбұлаққа құлаған тікұшақ капитанын соңғы сапарға аттандырды (ВИДЕО)

Түркістан облысы Сұлтанрабат ауылының халқы Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасына құлаған тікұшақтың командирі Нұржігіт Үйсінбаевты соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Отырар» телеарнасының тілшілері марқұмның жаназасынан хабар тарата отырып, оның артында қалған анасынан сұхбат алған.
«Ұлым бала күнінен-ақ тәртіпті сүйетін еді. Бәрімізді тәртіпке салып жүретін. Ақылды еді. Бала күнінен аспанда қалықтағысы келді. Ұшқан сағаттарын мыңға жеткізу үшін күні-түні ұша беретін. Солай атағын да алды. Тікұшақты жанындай сүйетін. Үйге келген сайын «анашым, аспанда құстай қалықтаймын» дейтін. Жарық жұлдызым жарқырап, ағып түсті», — дейді зар илеген ана.
Айта кетейік, Нұржігіт Үйсінбаев пен тағы екі ұшқыш мінген ЕС-145 ұшағы 25 шілде күні жоғалып кетіп, арада 15 күн өткеннен соң ғана су астынан үш адамның мәйіті табылды.