«Күйеуімді өлтіріп, ұлымды жарақаттаған»: Жетісу облысының тұрғыны жұбайын атып өлтірген күдіктінің жеңіл жазамен құтылып кетуі мүмкін екенін айтты
Жетісу облысында Қызылағаш ауылының тұрғыны Жазира Чабенова күйеуін атып өлтіріп, екі жасар жарақаттаған күдіктінің жеңіл жазамен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты. Оның айтуынша, Жігердің әкесіне оқ атылғанда бала оның жанында тұрған. Сол кезде баланың қолына төрт бытыра тиген. Кейін дәрігерлер ота жасап, оқты алып тастаған, мұны дәлелдейтін тиісті рентген суреті де бар дейді. Дегенмен барлық дәлел бола тұра баланың қолына оқ тигені бойынша іс сотқа жетпеген, тек әкесінің өлімі бойынша қаралып жатыр екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
33 жастағы Жазира Чабенованың жолдасы осыдан алты ай бұрын оқ тиіп қайтыс болған. Қазір оның жолдасын өлтірді деген адам ұсталып, іс сотқа жетіп, процесс жүріп жатыр. Бірақ сол кезде қасындағы баласының қолына да оқ тигені іске енбепті. Дәрігерлер екі жастағы ұлымның қолынан бір емес, 4 бытыра алып шықты. Қазір тыртығы да тұр. Соған қарамастан, бұл сотталушыға тағылған айыптың ішіне кірмей, жылы жабылып жатқанын айтады.
“Баланың қолына бес оқ кірген. Баланың қолындағы оқты ешқандай іске қоспай отыр. Баланың ешқандай қатысы жоқ, баланы істен алып тастаған. Мынау сұмдық қой. Сонда баланы іске қосу үшін бала өлу керек пе?” – деді Жазира Чабенова.
Рентген түсірілімінде бытыраның төрт оғының тұрғаны көрсетілген. Енді жәбірленушінің қорғаушысы істің қайта тергеуге жіберілуін талап етіп отыр.
“Қайтадан тергеуге жіберілуін талап етемін, мәселе сонда болып тұр. Бұл жерде бала заңсыз істен тыс қалып тұр ғой. Жәбірленуші ретінде өтпей тұр”, – деді қорғаушы Төлеген Берліқожа.
Ал істі қараған Ақсу ауданының прокуратурасы екі жастағы Жігер Бейбітұлына оқ тигенмен, іске не себепті қосылмағанын жазбаша былай түсіндірді.
“Күдікті баланы қасақана қарумен атпағанын және ол кезде қайтыс болған азаматтың жанында бала болмағанын көрсетіп отыр. Бұны барлық куәгерлер де растады. Жігер Бейбітұлына тағайындалған сот-медициналық сараптама қорытындысына сай оған «жеңіл» дәрежедегі дене жарақаты келтірілген. Қолданыстағы заң бойынша «Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғау үшін тұлғаның денсаулығына кем дегенде орташа зиян келуі қажет. Сондықтан балаға қатысты қылмыстық іс қозғалмады”, – делінген Жетісу облысы Ақсу ауданы прокуратурасының хабарламасында.
33 жасында 4 баласымен жесір қалған әйел қазір баласының қолына оқ тиген бойынша істі сотқа дейін жеткізу үшін қорғаушысымен бірігіп, прокуратураға шағым жазуда. Бастапқыда бұл іс дұрыс тергелмей, жетпей қалғандықтан тағы да іс жылы жабылып қалады ма деп қорқады.