«Көзі жартылай жабық, қабырғасы пышақталған»: Шерзаттың мәйіті жайлы хаттама

16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұмның мәйітіне қатысты сот-медициналық сараптама қорытындысын жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сараптама Талғар аудандық орталық ауруханасының мәйітханасында жасалған.
Прокурордың айтуынша, сот-медициналық сараптама барысында Шерзат Полаттың денесінде бірнеше жарақат іздері болған.
«Мәйіттің бойы шамамен 170–175 см, арық денелі. Көздері жартылай жабық. Оң жақ бетінде қызыл-қоңыр түсті қан дақтары мен көгерген іздер байқалған. Үстіңгі ернінде де қан дақтары бар. Сол қолының бесінші саусағында жарақат, ал оң қолдың білек тұсында 2 см жарақат бар», – деді Дана Сәрсенбай.
Ең басты жарақат – сол жақ қабырға тұсына салынған.
«Мәйіттің сол жақ қабырға тұсында 2,5 см өткір затпен салынған, сұғылмалы-кесілмелі жарақат анықталған. Мәйітті тексеру барысында басқа айқын жарақаттар табылмады», – деп нақтылады прокурор.
Естеріңізге сала кетейік, қазір тікелей эфирде 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процессі өтіп жатыр. Сот отырысының тікелей эфирін «Azattyq Ruhy» youtube арнасынан көре аласыздар.