Көрші елдердегі сұраныс Қазақстанда картопты қымбаттатып жіберді – АШМ
Сыртқы нарықта картопқа сұраныс өскеніне байланысты елде осы өнімнің бағасы көтеріліп кеткен. Бұл туралы Үкімет кулуарында Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің директоры Назгүл Хапетова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның ақпаратынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 600 мың тонна картоп экспорттаған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. 2023 жылы 411 мың тонна картоп экспортқа кетті.
«Сыртқы нарықта, көршілес елдерде картопқа деген сұраныс өте жоғары. Бұл бір жағынан ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін жақсы, өз өнімін жақсы бағаға сатады. Алайда бұл фактор ішкі бағаға әсерін тигізіп отыр. Яғни сыртқы нарықта жоғары бағаға сұраныс боғандықтан, ішкі баға да көтеріліп кетті. Бұл жағдайды тұрақтандыру үшін біз экспортқа толығымен тыйым салдық. Қазір бұйрық қабылдану үстінде, одан бөлек Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық сертификаттарды беруді мүлдем тоқтатты»,- деді ол.
Айтуынша, осы шаралардың нәтижесінде соңғы екі күннің өзінде негізгі қалаларда баға ақырын тұрақтанып келе жатыр.
«Тұрақтандыру қорларынан қажеті қорларды тауарлық интервенция ретінде әлеуметтік дүкендерге, жалпы нарыққа шығару жұмыстары жүріп жатыр», — деді Хапетова.