Главное

Көрісу күні немесе Амал мерекесінде не істеу керек

Көктем келіп, жердің тоңы еріп, қыстың ызғары қайтқанда қазақтар көрші-қолаңы, жақын-жуығымен көрісіп, өткен жылдан қалған өкпе-ренішті тарқатып, бір-бірінің шаңырағына барып, қыстан аман шыққанын мерекелеген. Әйелдер ақ дастарханын асқа толтырып, жастар жағы үлкендерге сәлем бере барған. «Бір жасыңмен!» деп төс қағыса амандасқан жұрт бір-біріне жақсылық тілеп, мәре-сәре болған. Бұл мереке 14 наурыз — Көрісу күні деп аталады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Шығыс елдерінің күнтізбесінде наурыздың басталуы амал айының 1 жұлдызы болып есептеледі. 1918 жылдың 24 қаңтарында Халком кеңесі Григориан күнтізбесін қолданысқа енгізеді. Алайда екі күнтізбе айырмашылығы 13 күн болып қалғандықтан 1918 жылдың 31 қаңтарында ескі күнтізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған. Осылайша 1 наурыз 14 наурызға тап келеді. Ол – жыл басы, күнтізбедегі көктемнің алғашқы күні саналған. Сондықтан Көрісу күнін Амал мерекесі деп те атап жатады.

Көрісу күнінің мәні тек игі тілектермен шектелмейді. Бұл — адамдар арасындағы ізгілікті, сыйластық пен қамқорлықты күшейтіп, бір-біріне көңіл бөліп, қолдау көрсетудің бір мүмкіндігі саналады. Ата-бабаларымыз көктемдегі табиғаттың жаңаруын жаңа өмірдің бастауы, адамның да рухани жан-дүниесінің серпілісі деп қабылдаған. Амал мерекесінде ешкім ешкімге ренжімей, жайдары жүруі керек. Көрісе келген қонақтарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, балалардың қалтасына кәмпит-бауырсақ салып жібереді. Көрісу дәстүрінде кем дегенде үш үйдің есігін ашу қажет деген ырым бар.

Амал мейрамының әлеуметтік және рухани мәні де өте терең, ол қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптейтін бірліктің, татулықтың, қуаныштың символы болып саналады.

Другие новости

Back to top button