Социум

Көне карталардағы қазақ шекарасы

Қазақ хандығының шекарасы бүгінгі Қазақстан аумағымен бірдей және оны көрші елдер мойындаған. Бұл тұжырымды Америкадағы  Харвард университетінің профессоры Нұрлан Кенжеахмет Еуразия ғылыми-зерттеу институтында өткізген семинар-дәрісінде картографиялық деректер негізінде дәлелдеп берді.  

Елімізде атап өтілген Қазақ хандығының 500 жылдығы және Жошы  ұлысының 750 жылдық мерейтойы тарихи зерттеулерді тереңдетуге жол ашты. Қазақ мемлекеттілігін зерттеу елімізде ғана емес, сыртта да жүргізіліп жатыр. Соның бірі –  АҚШ-тың Харвард университеті Фэйрбанк қытайтану орталығының зерттеушісі, Гумбольдт сыйлығының иегері, ғылым докторы  Нұрлан Кенжеахметтің  картографиялық зерттеулері. Ғалым көп жылдан бері Қазақ хандығы мемлекеттілігінің қалыптасуын Батыс және Шығыс деректері негізінде зерттеп келеді.

Картография – ұзақ жылғы тәжірибені, көп тіл білуді, архив ақтаруды, түпнұсқамен жұмыс істеуді талап ететін сала. Оған кез келген тарихшының тісі бата бермейді. Нұрлан Кенжеахмет – қытай, ағылшын, неміс тілдерімен қатар шағатай және басқа көне тілдерді меңгерген.  Еуразия ғылыми-зерттеу институтында өткен дәрісте Н.Кенжеахмет Х – ХХ ғасыр аралығындағы Қазақ хандығы териториясына және қазақ мемлекеттілігіне тікелей қатысы бар тарихи карталарға тоқталып, түсіндірме берді.  «Жалпы Еуразия картасының жасалу тарихы Құбылай ханның тұсында басталған. Менің зерттеу дәуірім – Құбылай ханнан Абылай хан билігіне дейінгі кезең», — деді ғалым.

Картограф ғалымның айтуынша, көне карталардың өз тілі бар. ХV ғасырға дейінгі карталардың тілі ұқсас. ХІХ карталардан ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы картаның ізін табуға болады. Жошы ұлысы Алтын Ордадан бастау алады. Мәселен, 1548 жылғы Птоломейдің жаңартылған картасында Ноғай ордасы, Шағатай ұлысы (Әмір Темір мемлекеті) белгіленген. Қазақ хандығы тарих сахнасына осыдан кейін шығады.

«Жапонияда сызылған картадағы Туқмақ – Алтын орданың соңғы дәуіріндегі атауы. Қытай және Шығыс деректерінде де дәл солай аталған» дейді ғалым.  Еуропалық картографтар сызған карталарда Тоғыз-Оғыз, Қарлұқтар, Кимектер, Шаш (Ташкент), т.б. атаулар латынша берілген.  1693 жылы сызылған картада қазіргі Қазақстан территориясы «Тәуелсіз Тартария» деп тұр. Сигизмунд картасында да Қазақ хандығының территориясы Алтайдан Каспий теңізіне дейін, солтүстікте Ресеймен шектесіп жатыр. Зерттеушінің айтуынша, еуропалықтар деректерді әл- Идрисидің 1154 жылы сызған картасынан алынған.

«1687 жылы сызылған картада бұл аймақ «Аттылы татарлар елі» деп аталған. «Еркін Тартария» атауының қазіргі татарларға немесе моңғол-татарға қатысы жоқ. Бұл қазіргі Қазақстан» дейді Н.Кенжеахмет. Ғалымның дерегінше, Өскемен қаласы ертеде Кеңгір-Тұра деп аталған. Ал Семей – көне түркі тіліндегі сүме деген сөзден шыққан.

Қазақ хандығы жайлы маңызды бір топгорафиялық дерек – қытайдың Чин династиясы тұсындағы тарихи карта. Ол 1822 жылы сызылған, Осман архивінде сақталған. Мұнда қазақша жер-су аттары, Кіші жүз ханы Қайып ханның есімі келтіріледі. Мұнда да қазақ жері шығыста Алтайдан батыстағы Каспийге дейін созылып, бір шеті Қытай шекарасына шектеседі.

Н.Кенжеахмет өз сөзінде: «Қытайда сызылған карталарда Қазақ шекарасы анық белгіленген. Қытайлар ешқашан өзіне бодан халықтың шекарасын сызып бермейді. Яғни сол заманда Қытай Қазақ елінің аумақтық тұтастығын мойындаған. Бұл үлкен дәйек-дәлел» деп атап өтті.

Семинар-дәрісте Н.Кенжеахмет ХV ғасырда Австрия елшісі Сигизмунд Герберштейн, XVII ғасырда швед картографы Густав Ренат, ХІХ ғасырдағы Ресей әскери-топографиялық депосының басшысы Ф.Шуберт, С.Ремезов, А.Левшин және басқа топографтар сызған карталардан деректер келтірді.   Мысалы, 1864 жылғы картада да Қазақ шекарасы анық көрсетілген.

Тарихшының айтуынша, картографиялық деректер ғылыми зерттеуді күтіп жатыр. Мәселен, көптеген жер аттары бұрмаланып берілген. Харвардтан келген қазақ тарихшысы көне карталардағы атауларды анықтау үшін арнайы экспедициямен Қазақстан аумағын аралап шығу қажет деп санайды.

Н.Кенжеахмет келтірген деректерде Қазақстанның солтүстік шекарасы ХХ ғасырдың басында Ресеймен арадағы аумақтық бөлініс негізінде сызылған Қазақ АКСР  шекарасымен бірдей. Ал батыста Бөкей Ордасы Жайықтан Еділге дейінгі аумақты алып жатыр.

Нұрлан Кенжеахмет осы күнге дейінгі зерттеулерінің негізінде қазақ тарихының бес даму кезеңін қамтитын жинақ шығару жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл жолғы іссапарда тарихшы Шығыс Қазақстанды аралап, көне карталарда кездесетін жер-су аттарын нақтыламақ.

Дина Халық

Другие новости

Back to top button