«Көмектесіңдер, анамды ұрып жатыр»: Қарағандыда жасөспірім анасын белгісіз адамның ұрып жатқанын видеоға түсіріп алды (видео)
Қарағанды облысы Қарқаралы қаласының 51 жастағы тұрғынына ер адам шабуыл жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Анасына жасалған шабуылды кәмелетке толмаған бала видеоға түсіріп алған. Бейнежазбаға қарағанда, қаскүнем жеке үйге баса-көктеп кірмек болған. Алайда үй иесі оның үйге кіруіне кедергі келтірген. Алдынан шыққан әйелді көрген күдікті ұрып-соға бастаған. Оқиғаны видеоға түсіріп тұрған бала айналадан көмек сұрап айғайға басқан.
«Біреуің көмектесіңдерші, анамды ұрып жатыр» — деп қатты айғайлады.
Бейнероликке Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Ведомство Қарқаралы ауданының 51 жастағы тұрғынына шабуыл жасау фактісі полицияда тіркелгенін хабарлады.
«Оқиға орнында Қарағанды облысының ІІД және Қарқаралы аудандық ІІБ-ның қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Гарнизонның барлық жеке құрамы бағдарланған, күдіктіні ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», — делінген хабарламада.