Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова күндіз-түні борышкерлерді мазалайтын коллекторларды қандай жаза күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол коллекторлық агенттіктердің жұмысы заңмен реттелетінін атап өтті.
«Коллекторлық агенттіктер демалыс күндері телефон соғуға құқығы жоқ. Оған тыйым салынған. Екіншіден, жұмыс күндері оларға борышкерге бір күнде үш рет қана қоңырау шалуына рұқсат етіледі. Содан кейін аудио, видео фиксация жасау керек. Егер сізге демалыс күні қоңырау шалып, мазаңызды алса, сіз агенттіктің колл-орталығына хабарласып, шағымдануыңыз керек. Біз тексеріс жүргіземіз. Сосын сол коллекторлық агенттікке қатысты нақты шаралар қабылдаймыз», — деді Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, заң бұған коллекторлық агенттіктерге алдымен айыппұл салынады. Егер тағы да қайталанса, қызметі толығымен тоқтатылады.