Көлікпен мұз үстіне шыққанда қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек
Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары көлікпен мұз үстіне шыққанда қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, мұзды өткелге көлікпен қауіпсіз шыға білу керек. Ол үшін бірнеше ережені қатаң сақтаған жөн.
«Ең алдымен мұз үстінде жүрген кезде сол маңға орнатылған барлық ақпараттық белгілердің талаптарын сақтаңыз. Мұзға баяу, асықпай шығыңыз. Жүргізуші мен жолаушылар түгелдей қауіпсіздік белдіктерін шешуі керек», — делінген ақпаратта.
Мұз өткелінде тоқтауға, серпіліспен қозғалуға, бұрылуға, көліктерді басып озуға тыйым салынады. Егер көлігіңіз мұз көтере алатын салмақтан ауыр болса онда жолға шықпаңыз. Алдағы көлік нашар көрінген кезде, яғни тұман немесе боранда мұзға шықпаған дұрыс.
Қауіпсіздіктің негізгі шарты – мұздың қалыңдығы. Жеңіл автокөліктер үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 30 см, жүк көліктері үшін кемінде 50 см.