Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру он күннен кейін басталады – АШМ
Келесі жылы көктемгі егіс және егін орағы науқанын қаржыландыру көлемі ұлғайтылады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Осы қаражатты қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға арналған бюджет жобасында 45 млрд теңге көзделген, қосымша қажеттілік 71,9 млрд теңгені (60 млрд — купондық сыйақы, 11,9 млрд – кепілдікті субсидиялау) құрайды.
«Президенттің қаржыландыруды осы жылдың желтоқсан айында бастау туралы тапсырмасын орындау үшін Үкімет қаулысының жобасы әзірленді, ол бүгінгі Үкімет отырысының қарауына шығарылады. Бұл шешімді күтпей-ақ, Аграрлық несие корпорациясы 29 қарашадан бастап 100 млрд теңге мөлшерінде қаржыландыруды бастайды. Қазірдің өзінде 500-ден аса ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден өтінім келіп түсті», — деді Сұлтанов Үкімет отырысында.
Қаражат фермерлерге екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және Аграрлық несие корпорациясы арқылы беріледі.
«Биыл бағдарламаға тек 7 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация ғана қатысқанын айта кету керек, шаруалардың өздерінің сұрауы бойынша келесі жылы барлық өңірден әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды тарту қажет. Саланы «ұзақ мерзімді» және қолжетімді жеңілдетілген кредит беруге көше отырып, фермерлердің кредиттерін субсидиялау жүйесі қайта қаралады. Бұл бюджет қаражаты болмаған кезде туындайтын агробизнестің тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді»,- деді вице-министр.
Сондай-ақ, оның айтуынша, қаржыландыру болмаған кезде кредит беруді шектеу қайта қаралады. Мысалы, «Даму» қоры арқылы қарыздарды субсидиялау тетігі жұмыс істейді. Көрсетілген шаралар банктерді агроөнеркәсіптік кешенге кредит беруге тартуға мүмкіндік береді, деп сенеді Сұлтанов.