Көкшетауда кәріз құдығында ес-түссіз жатқан ағайындылар құтқарылды
Алдын ала ақпарат бойынша, ер адамдар аммиак буымен уланған
Көкшетауда кәріз құдығында ес-түссіз жатқан ағайынды екі жігіт құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ақмола облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға 1 қыркүйекте болған.
«Кезекші бөлімге кәріз құдығында екі ер адамның ес-түссіз жатқандығы жайлы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына шыққан құтқарушылар қуанышқа орай, ағайындыларды құтқара алды», – делінген облыстық ТЖД баспасөз хабарламасында.
Белгілі болғандай, 1982 жылғы ер адам тазаламақ болып кәріз құдығына түскенде, есінен танып қалған. Одан кейін оның 1980 жылғы ағасы да түсіп, ол да есінен танып, жатып қалған.
«Кәріз люгінде ер адамдар шамамен 30 минуттай болған, кейін оларды ТЖД қызметкерлері шығарып, ес-түссіз күйлерінде жедел жәрдем көлігіне тапсырды. Алдын ала ақпарат бойынша, ер адамдар аммиак буымен уланған», — делінген хабарламада.